Ақтөбеде тікұшақ апатынан зардап шеккен әскерилердің жағдайы белгілі болды
Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан зардап шеккен әскери қызметкерлердің жағдайы белгілі болды.
Зардап шеккен әскерилердің жағдайы туралы ақпаратты Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
"Солтүстік әскери округі Әскери институты авиациялық эскадрилья командирі майор Бибарыс Ибраев пен Солтүстік әскери округі Әскери институты авиациялық оқу орталығының аға нұсқаушысы, аға лейтенант Рүстем Нығметов одан әрі амбулаторлық бақылау үшін үйлеріне жіберілген", - делінген ведомство хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша күні Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының маңында бортында үш адам болған МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әскерилердің бірі қаза тапты. Кейіннен Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан Әуе қорғанысы күштері Әскери институты авиациялық эскадрильясының нұсқаушысы, майор Батыр Оразымбетовты ақтық сапарға шығарып салды.
ҚР Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысында болған авиациялық оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ақтөбе облысында МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл факті бойынша қызметтік тексеру басталды. Әзірге негізгі апатқа тікұшақтың техникалық ақауы себеп болған.