Ақтөбедегі қанды оқиға мен полицияның сәтті де сәтсіз операциясы
13 қаңтар күні Ақтөбеде кепілге алынғандар туралы жаңалық бүкіл елді дүр сілкіндірді. Қазір аталған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Кепілге алу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ата-анасымен бірге кепілде болған 40 жастағы Ақтөбе тұрғыны енді ғана есін жиды. Кепілге алынғандардың ішінде жалғыз тірі қалған әйел нейрохирургия бөлімінде тәулік бойы полиция қорғауында болады. Дәрігерлердің айтуынша, жәбірленушінің жағдайы сәл жақсарған, бірақ әлі анасы мен өгей әкесінің қайтыс болғанын білмейді. Науқастың қолында ұялы телефон жоқ және оның бөлмесіне әзірге ешкімді кіргізбей жатыр. Сондықтан жақындарының қайтыс болғанынан хабарсыз.
Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні кепілге алынған 40 жастағы әйел есін жиып, айналасындағыларды тани бастаған.
«Емдеу жалғасып жатыр. Оған бас жарақаты мен миы шайқалған деген диагноз қойылды. Емдеуге травматологтар көмек көрсетеді. Науқас жағдайына екі топтағы дәрігерлер жауапты болғанымен, емдеу нейрохирургия бөлімінде жалғасады. Науқаста көгерген және дене жарақаттары бар. Қазіргі уақытта оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отырмыз. Өз-өзіне келген, сұрақтарға жауап береді. Бүгін ата-анасын сұрады. Сол күні не болғанын түсінгісі келеді. Біз оған бұл ақпаратты бермейміз, керісінше, оның денсаулығына назар аударамыз. Ол әлі төсектен тұра алмайды, жүруге рұқсат бермедік. Телефоны жоқ. Психологтар онымен кеше де, бүгін де кездесті. Бұл диагнозбен емдеу әдетте 5-7 күнге созылады, одан әрі емдеу жағдайы кейінірек айқындалады. Науқастың психологиялық жағдайы да ескерілетін болады. Қазір ол тәулік бойы бақылауда», – дейді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Уразжанов.
Ал қайғылы оқиға болған үйде туыстары марқұмдарды жерлеуге дайындалып жатыр. 67 жастағы әйел мен 74 жастағы ер адамды жерлеу рәсімі 16 қаңтарда өтеді. Әзірге отбасының туыстары болған оқиғаға қатысты пікір білдірмей отыр.
Оқиға қалай болған?
Ақтөбеде 13 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында Жедел басқару орталығына жеке тұрғын үйде кепілге алынған адамдар бар екені жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен арнайы жасақ келген. Жедел уәкілдер үйдің ішінде күдікті өзінің бұрынғы сүйіктісін кепілде ұстап отырғаны белгілі болған. Кепілге алушы ешқандай талап қоймаған.
Halyqstan telegram арнасының жазуынша, жәбірленуші әйел мен күдікті ер адам бұған дейін де жанжалдасып, 2024 жылы соты өткен. Нәтижесінде әйелді балағаттаған 1986 жылы туған азамат Б. бес тәулікке қамалған. Сот отырысында әйел Б-дан өзін қорғауды сұраған.
БАҚ-тағы мәлімет бойынша отбасын кепілге алған азамат М. есімді әйел бірнеше рет жанжалдасып қалған. Ер адам М-мен бірге тұрған, сондықтан оның ата-анасының үйіне оңай кірген. Айтпақшы, есепші болып жұмыс істеген М. ата-анасымен тұрақты тұрмаған. Ол сол күні ата-анасына қонаққа барған. Б. үйге кіргеннен кейін 74 жастағы өгей әкесін (құқық қорғау органының отставкадағы қызметкері) және 67 жастағы анасын (медбике) пышақпен жарақаттаған. Кейбір деректерге қарағанда, оның қолында пышақ емес, балта болған. Содан кейін Б. әйелді де басқа бөлмеге қамап, қарумен жарақаттап, ұрып-соққан. Бұл кезде үйде отбасының тағы бір мүшесі – әйелдің 17 жастағы ұлы болмаған. Соның арқасында полиция кепілге алынған әйел туралы білген. Ол үйіне оралып, қанды көріп, дереу туыстарын көмекке шақырған. Туыстары полицияға хабарласып үлгерген.
Сәтті деп бағаланған сәтсіз операция
Ақтөбе облысының полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов оқиға барысында кепілге алынғандарды босату операциясы сәтті өткенін айтқан.
«Кепілге алынған әйелді босату операциясы сәтті өтті. Күдікті ұсталды. Жәбірленуші қыз және оның ата-анасы медициналық мекемеге жеткізілді», –деді Жүсіпов.
Кейіннен белгілі болғандай полицейлер әйелді кепілде ұстаған ер адаммен үш сағат бойы келіссөз жүргізген. Бірақ ол құқық қорғау органдарының талабын орындаудан және жәбірленушіні босатудан бас тартқан. Содан кейін арнайы күш шабуыл жасау туралы шешім қабылдаған. Ресми мәлімет бойынша әйелдің анасы жедел жәрдем көлігінде ауруханаға бара жатқан жолда, ал өгей әкесі операция үстелінде көз жұмған.
Елді дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты Ақтөбе облысының әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймын. Құқықтық бағаны уәкілетті органдар береді. Қазіргі уақытта жәбірленушіге кешенді медициналық-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар марқұмдарды жерлеуге қажетті көмек ұйымдастырылады. Осы орайда, күдіктіні ұстауда түнімен ұйықтамай, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. «Қауіпсіздік шаралары менің бақылауымда болады», – деп жазды.
Айымгүл Мақсұтқызы