Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:27, 25 Сәуір 2024

Әлем бізді қазақ деп таниды

Қазақстан
Фото:

Жақында әлеуметтік желіде тәй-тәй басқан сәбидің тұсауын кескен сәтін түсірген видео тарады. Оның несі таңсық дерсіз? Қызығы – тұсаукесер тойының иегерлері де, тәй-тәй басқан сәби де – өзге этнос өкілдері. Бірақ қазақтың дәстүрін бойына сіңірген. Бұдан не көрдік?

Бұл – ортақ халықтық мәдениеттің қалыптаса бастағанының көрінісі. Бір кезде «көпұлтты ел» атансақ, енді «бір ел, бір халық, бір ұлт» болуға бет алғанымыз. Оның әрбір өкілі – Қазақстан атты мемлекеттің тілінде сөйлеп, оның тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, осы мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығын қорғайтын, оның берекесі мен бақуатының артуына еңбек ететін адал азамат. Ендігі жерде әркім азаматтығын, қазақтығын сөзбен емес, ісімен көрсетуге тиіс.

Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы түсінген жанға бұл тұрғыда үлкен миссия атқарып отыр. Ресми тілде «елімізде этносаралық татулықты қалыптастыруға үлес қосып» келе жатқан консультативті-кеңесші органның жұмыс ауқымын астарлап болса да сипаттап көрелік.

Этносаралық татулықтың бастауы

Халқымыздың кең пейілін, дархандығын Қадыр Мырза-Әлі дәл тауып айтқан: «Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба, Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін». Осындай ниетінің арқасында қазақ халқы босағасын аттағандардың бәрін құшақ жая қарсы алды. Кеңес одағы тұсында қонақжай мінезіміздің арқасында саяси қудалауға ұшырап, күштеп қоныс аударылған этностар Ұлы далада өзін бөтен сезінген жоқ. Кейінірек тың игеру кезінде еліміздің солтүстігіне интернационалды көш ағылды.

Күштеп қоныстандырудың бірнеше толқынынан соң Қазақстан «ұлттар лабораториясы» атанып шыға келді. Қызылдардың саясатын жүргізгендер мұны жергілікті ұлтты жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаудың тәсілі деп санады ма, кім білсін?! Бірақ Кеңес одағы құлағаннан кейін тәуелсіз қазақ территориясында әралуан, көпэтносты халық мұраға қалды. Ал жаңадан азаттық алған елде халықтың татулығы мен келісімін сақтап қалу қиын екенін Балқан түбегіндегі, Кавказдағы, тіпті іргеміздегі көршілердің ахуалы көрсетіп берді.

Халықтар достығы мен этносаралық келісімнің баршаға ортақ жаһандық «рецепті» болмайтынына тарихи оқиғалар дәлел. Бұғанасы қатпаған жас мемлекетке бұл салада өзіндік жол, өзіндік саясат керек болды. Сондай-ақ ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқының ынтымақтастығын сақтауға бағытталған бірегей диалог алаңына айналатын құрылым қажет еді. Осы себепті 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясының іргетасы қаланды.

Ассамблея керек пе?

Қазақстан 1990-жылдары дінаралық, ұлтаралық қақтығыстардың алаңына айналады деген «болжам» көп айтылды. Ол кезде титулды ұлттың саны көп елдерде жанжал шығып жатқанда көпэтносты Қазақстан қырықпышақ болады деп ойлаған шығар бәзбіреулер. Абырой болғанда, мұндай долбар сөз күйінде қалды.

Қазақстан халықтары ассамблеясы жеке құрылым ретінде өз тарихында дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Мәселен, 2007 жылы Ата заңымызға енгізілген өзгерістерден кейін ҚХА-ға конституциялық мәртебе берілді. Айта кетерлігі, осы жылдан бастап оның атауындағы көптік жалғау түсіп, бұдан былай Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталды. Ал 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заң қабылданды.

Әлемде «этносаралық келісімді сақтаудың қазақстандық моделі» деп аталған Ассамблея өміршеңдігін көрсетіп, биік-биік мінберлерде зор қолдау тапты. Кезінде БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге келген ресми сапарында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы БҰҰ-ның ұстанымына, бағыт-бағдарына сай келетінін жеткізді. Бұл – ұлттар достығына айналған ұйымның ҚХА қызметіне берген оң бағасы.

Осы күні қоғамда «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген пікір айтылып қалады. Шын мәнінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық келісімді сақтап, ел іргесін бекітуге үлкен үлес қосып отырған іргелі институт. Өйткені мемлекет те, қоғам да, этносаралық татулық та тірі организм секілді әрдайым жетілуді талап етеді.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы ондаған мың адамның өз мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауына жағдай жасап отыр. Өткен тарихынан хабардар еліміздегі этностар өздерін тарих толқыны Қазақстанға қалай әкелгенін жақсы түсінеді. Сол секілді ҚХА ана тілімізді насихаттауға да үлкен үлес қосып отыр. Бүгінде түрлі этнос арасында қазақша сөйлеп, Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқитындар көп.

Бұдан бөлек, Ассамблея жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асырады. Олар халқымызға ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болып, тілеулестік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптейді. Қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік идеясын орнықтыруға ықпал етіп отыр. Медиация институтын дамытуға үлес қосып, жастармен тығыз байланыс орнатқан.

Тәуелсіздік алған тұста Ассамблея міндеті негізінен ұлтаралық келісімді сақтауға бағытталса, бүгінде оның келбеті, миссиясы өзгерді. Яғни бұрынғыдай этносаралық татулықты насихаттап қана қоймайды, «бір халық» туы астына жиналуға, біртұтас ел атануға үндейді. Көп бағдарлы мәдениетті дамыта отырып, мемлекеттік тілді меңгеруге шақырады.

Осы орайда айта кеткен жөн. Біртұтас ұлт – Қазақстанды мекендеген өзге этнос өкілдерін қинап қазақ қылу емес немесе басқа елдердегідей паспортына мәжбүрлі түрде «қазақ» деп жазуға да жатпайды. Тіпті тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын мансұқтау арқылы өткенін ұмыттыру әрекеті емес. Біртұтас ұлт – тағдыр тезінен өткен, заман талабына сай ортақ мүддеге бағытталған табиғи үдеріс.

Әлем бізді қазақ деп таниды

Президент Қ.Тоқаев этносаралық татулық түсінігін қайта қарап, Қазақстанды мекендеген бүкіл этностың бір ту астына жиналуы қажет екенін, шартарап бізді тек «қазақтар» деп танитынын бірнеше рет айтты. Расында, шетелдік жарыстарда сынға түскен спортшыларымызды шыққан тегіне қарамастан бүкіл әлем «қазақ спортшысы» деп санайды. Саясаткерлерімізді қазақтың өкілі деп есептейді. Бұл – бір.

Екіншіден, еліміздегі түрлі этнос өкілдері өздерін қазақ деп санайтынын талай мәрте естідік те, көрдік те. Даңқты боксшы Геннадий Головкин: «Менің ұлтым туралы сұрағанда, былай деп жауап беремін: «Әкем – орыс, шешем – корей, ал мен – қазақпын» деген. Кезінде Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен сұхбаттарының бірінде «Мен, ең әуелі – қазақпын. Ойым да, түсінігім де, әрекетім де – қазақ» деген еді. Қазақ қоғамы мұндай азаматтарын айналып-толғанып отырады – бұл да бірліктің, татулықтың қайдан келетінін, қалай пайда болатынын көрсететін бір мысал.

Кеңес одағының мәжбүрлеу саясаты салдарынан тарихи отанынан Қазақстанға жер аударылған ғалым һәм филолог Асылы Осман да «Мен – қазақпын» деп талай мәрте сұхбат бергені белгілі. Дәл осы Асылы апамыз секілді қазақ тілінің дамуына зор үлес қосқан адам кемде-кем. Қазақтың Гер-ағасы атанған жазушы, прозашы, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Герольд Бельгер: «Мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын» деп, ұдайы айтып отыратын.

Мұндағы «қазақ» ұғымы туралы сөз болғанда мынаны ескеру қажет. Бүгінде «қазақ» атауы ұлт деңгейінен көтеріліп, халықтық сипатқа айналған. Қазақ болу – қаны не тараған тегі қазақ емес, ортақ түсініктің, көзқарастың, құндылықтың қалыптасуы. Мысал ретінде қазіргі таңда елдің бәрі ұлттық дәм – етті сыйлы тамақ ретінде есептейді. Бауырсақты бүкіл этнос өкілі сүйсініп жейді. Жент жастардың жеңсік асына айналған. Наурыз мейрамы кезінде барша жұрт ұлттық киімдерімізді киіп жүрді. Мұның бәрі біреудің күштеуімен емес, жеке таңдауы арқылы істелген шаруалар. Айта берсеңіз, мұндай мысал өте көп. Міне, ортақ құндылық осылай қалыптасады.

Жоғарыда келтірген тұлғалардың сөзі хайп қуған популизм деген көзқарастар да шықпай тұрмайды. Мұның шын көңілден шыққан ыстық лебіз екенін дәлелдеп жату артық, өйткені бұл Қазақстанның бүгінгі ұстанымына, елдігімізге өте пайдалы кейс.

Халықты топтастыратын, елді ұйыстыратын ортақ құндылық – қазақ тілі. Мұны президент Қазақстан халқы Ассамблеясының былтырғы сессиясында айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл құндылықты насихаттауға үлкен үлес қосып келеді. Мәселен, «Үйде сөйле» атты жобаның аясында аула клубтары ашылып жатыр. Тұрғындар сол жерде бас қосып, қазақ тілін үйрене бастады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, елдің бірлігі мен тұтастығы азаматтық ұғымының аясына топтасуды, бір ұлттың астына ұйысуды білдіреді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл идеяны жүзеге асыруға өзінше үлес қосып келеді.

Қалай болғанда да, әрбір тұрғынның өгейсінбеуі, тарихи тамырынан қол үзбеуіне жағдай жасалуға тиіс. Және Ассамблея соның бір тетігі болып қала береді.

Айша Жасұланқызы

Тегтер: