Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 06 Маусым 2024

Алматы облысы 42,3 млрд теңгеге 656 шақырым жолды жөндемекші

1
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде жол мәселесі елдің барлық өңірінде актуалды. Желілерде шұрық тесік жолдар мен «көше» деуге келмейтін көшелер, ауыл-қала таңдамайтын кем-кетік пен автожолдардың проблемасы жиі көрініс табады.

 Шағым айтушылар да, «жөндейміз, қарастырамыз» деушілер де жетеді. Мәселен, көктем келіп, күн жылынғанда-ақ Кеген ауданындағы «Көкпек-Кеген-Түп» автожолының 53-68 шақырымында жүргізілген жұмыстардың сапасыз екені айтыла бастады.

Ұзындығы 215 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары сапа бағасы бойынша учаскелерге бөлінген: жақсы және қанағаттанарлық – 56 пайыз, жөндеуді қажет ететін – 44 пайыз. Жалпы айтқанда, 215 шақырым жолдың 97 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Бұл аймақтарда жыл сайын жамау жұмыстары жүргізіліп жатса да, жергілікті жұртшылық жақсы жолға әлі жете алмай отыр. Тексеріс нәтижесінде жауапты мердігердің тарапынан біраз олқылықтар табылып, жол құрылысы қанағаттанарлықсыз деңгейде жүргізілгені анықталған. Соның ішінде ыстық асфальттың орнына салқыны төселген, жолдың қалыңдығы да талапқа сай емес.

Жергілікті белсенді Мақпал Шаданның айтуынша, тас жолдан бөлек, жол нұсқаулығы белгіленуі керек болған екен. Бірақ ол да жоқ. Кегенге кіреберісте жолаушылар демалатын орындар, орындықтар, көлік тұрағы орнатылып, аталмыш аймақ жарықтандырылуы тиіс болған. Алайда құжатта көрсетілген жұмыстар толық жасалмаған. Аталған мәселеге қатысты «Қазавтожол» сарапшысы Есен Оспанов қазіргі жағдай, кеткен олқылықтар қаржы тапшылығына байланысты екенін жеткізген. Жағдайды түзетіп, бақылауға алатындарын айтқан.

Жалпы, Алматы облысында соңғы жылдары жол мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Себебі проблемалық аймақтар – ауыр көліктер көп жүретін жолдар бар. Негізгі бөлігі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға келеді. Бұл мәселенің шешімі көліктің шамадан тыс жүктелуін азайтуға көмектесетін динамикалық таразыларды орнату болып табылады. Сондықтан биыл 2 аудандық маңызы бар жолға динамикалық таразы орнату жұмыстары жоспарлануда.

Осы жылдың өзінде жалпы сомасы 42,3 млрд теңгеге облыстық маңызы бар 656 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. 6,3 км автомобиль жолын салуға және қайта жаңартуға – 7,4 млрд теңге, 193,58 км автомобиль жолын орташа жөндеуге – 10,2 млрд теңге, 14,2 км автомобиль жолын күрделі жөндеуге – 3,3 млрд теңге, 441,9 км аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге – 21,4 млрд теңге қарастырылған.

Оның ішінде Алматы қаласының шекарасынан ҮАААЖ-ге дейін Сайын көшесі, Рысқұлов даңғылы, Абай даңғылы, Солтүстік айналым және Тілендиев көшелерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, маршруттық әдіспен 26,7 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге – 4,9 млрд теңге, аудандық маңызы бар 418,1 шақырым жолды орташа жөндеуге – 18,5 млрд теңге бөлінді.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: