Оқиғалар

Алматы облысы: Дәрі-дәрмек өндірісіне 39 млрд теңге инвестиция салынады

Алматы облысында фармацевтика саласына ірі көлемде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Өңір әкімдігі мен түркиялық «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясы өндірісті кеңейтуге бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Астанада өткен Қазақстан–Түркия бизнес-форумы аясында рәсімделді.

Жөтел дәрісі

Жоба Іле ауданында орналасқан фармацевтикалық кешенді жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда кәсіпорында жылына 24 млн дана дәрі-дәрмек өндіріледі және 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Келісімге сәйкес, 2026-2032 жылдар аралығында жобаға кемінде 39 млрд теңге инвестиция құю жоспарланған. Оның 8,85 млрд теңгесі қатты формадағы дәрілер өндірісін жаңартуға бағытталса, 30,15 млрд теңгеге биотехнологиялық препараттар шығаратын жаңа модульдік кешен салынбақ.

Жаңғырту нәтижесінде зауыттың өндірістік қуаты айтарлықтай артады. Жыл сайын 300 миллионға дейін қатты формадағы дәрі-дәрмек пен 1,5 миллион биотехнологиялық препарат шығару жоспарланып отыр. Бұл өнімдер онкологиялық, жүрек-қантамыр, аутоиммундық, психоневрологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған.

Жоба аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, фармацевтика саласындағы технологияларды дамыту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру көзделген. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар дәрілерді ел ішінде өндіру көлемін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті азайту және экспорт әлеуетін күшейту жоспарланып отыр.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, соңғы жылдары Алматы облысы мен Түркия арасындағы экономикалық байланыс қарқынды дамып келеді. 2022-2026 жылдары екі тарап арасында 50-ден астам кездесу өтіп, жалпы құны шамамен 98 млрд теңгені құрайтын бірнеше жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Түркия арасындағы тауар айналымы 230 млн доллардан асқан.

Жігер ӘШІМ

Алматы облысы

Тегтер: дәрі-дәрмек
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз