Экономика

Алматы облысы экономикалық жағынан қарқынды өсуде

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы облысы қарқынды экономикалық өсім көрсетті.

1

"Барлық негізгі салаларда дерлік оң динамика жалғасып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жаңа мектептер салу және автомобиль жолдарын жөндеу жалғасуда, облыстың инвестициялық тартымдылығы да артып келеді. Дегенмен, алда көптеген қиындықтар күтіп тұр. Ең бастысы – экономиканың өсу қарқынын сақтау және облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту керек", ​​- деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әкімдік отырысында.

Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өз сөзінде өңірдің бүгінгі ахуалы мен даму болашағына жан-жақты талдау жасады. Ол қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 108,2 пайызды құрап, облыстың республикада 5-орынға шығуына мүмкіндік бергенін баса айтты.

Айтарлықтай үлесті ауыл шаруашылығы (106,4%, өнім 192,2 млрд. теңге) және өнеркәсіп (105,2%, өнім 884,3 млрд. теңге) көрсетті. Өңірдің инвестиция тартуы да  өсімді көрсетіп отыр – инвестиция көлемінің артуы өткен жылмен салыстырғанда 21%-ды құраған.

Өңдеу өнеркәсібінде металл бұйымдары, электр жабдықтары, қағаз өнімдері және жеңіл өнеркәсіп тауарлары өндірісі ұлғаюымен 3,6%-ға өсті. Дегенмен, химия өнеркәсібінде, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде, сондай-ақ жүйелік маңызды 18 кәсіпорынның бесеуінде көрсеткіштердің төмендеуі байқалады.

Кәсіпорындардың жағдайын жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, олардың өндірістік қуатын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін қосымша энергетикалық қуаттарды алуға мемлекет қолдау көрсетеді.

1

"Осылайша, «Asia Agro Food» зауыты дайын өнімді жеткізу бойынша қытайлық компаниялармен екі ірі келісім-шартқа отырып, өндірістік жүктемені 50 пайыздан 75 пайызға дейін арттырды. Зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа қосалқы станса салу жоспарлануда. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 205 млрд теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда", - деді Рустам Исатаев.

Ауыл шаруашылығында өндірістің өсуімен қатар инвестиция белсенді түрде тартылуда. 79,3 млрд теңгені құрайтын 22 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашып, жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен, аймақ басшысының айтуынша, бағдарламаны бордақылау кешендері мен толық қуатта жұмыс істемей тұрған сүт өнімдері фермаларына да енгізу қажет.

Құрылыс индустриясы тұрақты өсуде. Жұмыс көлемі 14,5 пайызға артып, 110,4 миллиард теңгеге жетті. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру айтарлықтай өсті – 600 мың шаршы метрге жуық салынды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 21 млрд теңгеге 1304 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Жалпы оң динамикаға қарамастан, Алматы облысының жекелеген аудандарында экономикалық өсу бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмады. Аймақ басшысы аталған аудандардың әкімдерін тұрақты өсімді қамтамасыз ету және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қолда бар барлық резервтерді пайдалануға шақырды.

Тегтер: Алматы
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз