Аймақ

Алматы облысында 1742 білім беру мекемесі бар

Бүгінде Алматы облысында 1742 білім беру мекемесі бар, оның 703-і мемлекеттік мекемелер. 2024 жылғы бекітілген бюджет бойынша білім беру ұйымдарын ұстауға 336,1 млрд теңге бөлінді.

Мектеп

 Оның ішінде 201,1 млрд. теңге немесе барлық бюджеттің 60%-ін педагогтардың жалақысы мен әлеуметтік төлемдер құрайды. Бюджеттің 18%-і немесе 69,0 млрд теңгесі мемлекеттік білім беру тапсырыстарына бөлініп отыр. 

Бұл туралы Қонаев қаласында алдағы оқу жылына және оқу үдерісіне цифрлық технологияларды белсенді енгізуге арналған білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты. 

Жиын барысында облыс басшысы оқушылардың әр кезеңдегі жетістіктеріне де тоқталып өтті. Ол :« 2021-2022 оқу жылында 45 оқушы, 2022-2023 оқу жылында 104 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадалар жеңімпаздары атанса, тек 2023-2024 оқу жылының ішінде 145 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Бұл көрсеткіште жүлделердің басым бөлігі Есік қаласындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицейіне тиесілі. Сонымен қатар, биылғы жылы тұңғыш рет өткен республикалық ауыл олимпиадасында Алматы облысының командасы 32 жүлделі орынды иеленіп, командалық есепте республика бойынша 2-ші орынды жеңіп алды. Бүгінгі күні мемлекеттік білім мекемелерімен қатар халықаралық лингвистика олимпиадасының жүлдегері Әбдікеш Мирасты дайындап шығарған «Арыстан» мамандандырылған лицейі мен экономикадан халықаралық олимпиада жүлдегері Ильжанов Жәңгірді дайындаған «Дана» жекеменшік мектебіне алғысымды жеткіземін»,- деді. 

«Биылғы жылдың ең бір қуанышты сәті - Талғар ауданының Қарабұлақ орта мектебінің түлегі Еңсебек Жаннұр Ұлттық бірыңғай тестілеуде рекордтық 140 балл жинап, қарапайым ауылдың қазақ мектебінен терең білім алуға болатындығын дәлелдеді. Біз әрқашан жастар арасындағы осындай жетістіктерімізді ұлғайтып, насихаттауымыз қажет. Себебі, қоғамды алға жетелейтін де, керемет жаңалықтар ашып, адамзатты дамытатын да дарындылар. Бүгін осындай шәкірттер тәрбиелеп, білім берген нағыз шебер ұстаздарға айтар алғысым мол. Және де барлық ұстаздарды осындай нәтижелі жұмысқа шақырамын»,-деді облыс басшысы сөзін жалғап.
Жалпы облыста бүгінгі таңда 33 мыңнан астам педагог қызмет етеді.

Тегтер: мектеп
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз