Алматы жастары "Тазару күніне" белсене қатысты
Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілген Тазару күніне орай Алматы жастары қала тұрғындары үшін ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырды.
Мерекелік шара Астана алаңында өтіп, жастардың бастамасымен үлкен концерт ұйымдастырылды. Сахнада алматылық талантты жастар ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық қойылымдарын ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтары жас өнерпаздардың өнерін жылы қабылдап, Наурыз мейрамының ерекше атмосферасын бірге сезінді.
Концерттен кейін «Таза ой – Таза қоғам» атты ауқымды флешмоб өтті. Аталған шараға 500-ден астам жас қатысып, «Тазару» ұғымының тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, адамның ойы мен ниетінің тазалығын да білдіретінін көрсетті.
Флешмоб алдында қатысушыларға қоғам алдындағы жауапкершілік, ішкі мәдениет және пайдалы іс жасау маңыздылығы туралы қысқаша үндеу жолданды.
Сонымен қатар, осы күні таңертең Алматы жастары әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» атты челленджді іске қосты. Оның негізгі мақсаты – әр адамды қала тазалығы мен көркейтуіне жеке үлес қосуға шақыру.
Қатысушылар өздерінің игі істерін фото және бейне форматта жариялап, өзгелерді де бастамаға қосылуға үндеді. Жазбалар #Тазарукүні және #ТазаҚазақстан хэштегтері арқылы кеңінен тарады.
Белсенді Бейбіт Жасұланұлы мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Тазару күні тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді, бұл – әр адамның өз ойы мен әрекетіне жауапкершілікпен қарауының көрінісі. Сондай-ақ ол таза әрі көрікті қала әр азаматтың жеке үлесінен басталатынын жеткізді.
«Тазару күні тек айналаны тазалау және таза ұстау ғана емес. Бұл ең алдымен адамның өз ойлары мен іс-әрекеттері үшін жауапкершілігі туралы. Біз, жастар, таза және әдемі қала әрқайсымыздан басталатынын түсінеміз. Мұндай бастамалар адамдарды біріктіреді және ортақ үйіміз үшін жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі», - деп атап өтті ол.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай шаралар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және «Таза Қазақстан» идеясын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.