Алматыда бірнеше жаңа мектеп ашылды
Алматы қаласында жаңа мектептер мен балабақшалар салу қарқыны күшейіп, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жүйелі сипат ала бастады. Бұл, бір жағынан, мегаполистегі халық санының үздіксіз өсуіне орай туындаған қажеттілік болса, екінші жағынан, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сай сапалы білім ордаларын көбейту мақсатында жасалып отыр.
Жақында қаланың Наурызбай ауданында 1 290 оқушыға арналған №41 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан аудан үшін маңызды нысан болып отыр. Алдағы күндері №223 мектеп ресми ашылып, «Шұғыла» шағынауданында №15 мектеп-интернат іске қосылады деген жоспар бар. Осылайша, білім беру орындарының қатары кезең-кезеңімен толығып келеді.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2025 жылы Алматыда шамамен 40 мың оқушыға арналған 38 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 20 мектеп бар, сондай-ақ қолданыстағы білім ошақтарына қосымша ғимараттар салынып, 7 балабақша және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдары ашылды. Бұл көрсеткіш қалада білім саласына басымдық беріліп отырғанын айқын аңғартады.
Мұндай ауқымды жұмыстар елдегі білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық саясатпен тығыз байланысты. Ел президенті өзінің бірқатар Жолдауы мен кеңестерінде мектеп тапшылығын жою, үш ауысымды оқытуды қысқарту және мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы орайда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында заманауи талаптарға сай қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыратын жүздеген жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Алматыдағы құрылыс қарқыны осы бастамалардың нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Әсіресе халық саны тез өсіп жатқан Наурызбай ауданында білім беру орындарына деген сұраныс жоғары. Қазір аудан аумағында 30,5 мың орынға арналған 15 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Соған қарамастан, шамамен 3 мың орын тапшылығы байқалып отыр.
Бұл мәселені шешу үшін қала билігі құрылыс жүріп жатқан аумақтарда жаңа мектеп салуды басты назарда ұстап отыр. Атап айтқанда, Алтын Орда базары, Абай, Алатау көшелерінің маңы, Қалқаман мен Тау Самал шағынаудандары, сондай-ақ «Дәстүр» және «Lancashire» тұрғын үй кешендері маңында мектеп пен балабақша жеткілікті болуы қажет. Алдағы жылдары бұл аумақтарда кемінде 5 жаңа мектеп бой көтереді деген жоспар бар.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту мектеп салумен шектелмейді. Балабақша құрылысы да қатар жүруі қажет. Қазір жалпы сыйымдылығы 880 орын болатын үш мектепке дейінгі мекемеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта тағы жеті балабақша салу жоспарда бар. Мұны мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады.
Қалалық білім басқармасы Алматыда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары ұзақ мерзімді жоспарға сай жүріп жатқанын айтады. «Наурызбай ауданында жаңа мектептің ашылуы Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын жүйелі дамытуға бағытталған ауқымды жоспардың бір бөлігі болып отыр. Біз жекелеген мәселелерді шешу тәсілінен ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауға көштік. 2030 жылға дейінгі қажеттілік карталары алдағы жылдардағы демографиялық жүктемені дәл болжауға және білім нысандарын алдағы 2-3 жылда сұраныс жоғары болатын жерлерде салуға мүмкіндік береді», – дейді Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйелі қадамдар алдағы жылдары Алматыдағы орын тапшылығын айтарлықтай қысқартып, білім сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ бұл жұмыстар мемлекет басшысы қойған міндеттермен толық үндесіп жатыр. Яғни жаңа мектептер мен балабақшалар салуды елдің болашағына салынған инвестиция деп бағалау қажет. Алматыда жүріп жатқан білім беру нысандарын дамыту бағдарламасын қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған саясаттың бір бөлігі деп бағалауға болады.
Қуан Өмірхан
Алматы қаласы