Әлеумет

Алматыда Қоспаевтың қылмыстық тобынан тәркіленген 2,4 млрд теңгенің мүлкі сатылымға шығарылды

Алматыда Esentai City элиталық тұрғын үй кешеніндегі төрт коммерциялық нысан аукционға қойылды.

Қоспаев

 Олардың жалпы құны 2,4 млрд теңгеден асады. Жылжымайтын мүліктің барлығы «Людоед» лақап атымен белгілі Елдос Қоспаев басқарған қылмыстық топтан тәркіленген.

Қазір нысандар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі. Олар электронды аукцион арқылы бағаны көтеру әдісімен сатылады.

Қандай нысандар сатылымға қойылды?

  • Бірінші лот: Нұрлан Қаппаров көшесі, 124 мекенжайындағы ауданы 448 шаршы метр коммерциялық нысан. Бағасы – 966 млн теңге.

  • Екінші лот: осы мекенжайдағы ауданы 455,3 шаршы метр нысан. Бастапқы бағасы – 887 млн теңге.

  • Үшінші лот: Нұрлан Қаппаров көшесі, 138 мекенжайындағы ауданы 194,5 шаршы метр нысан. Бағасы – 385 млн теңге.

  • Төртінші лот: Нұрлан Қаппаров көшесі, 124 мекенжайындағы ауданы 125,5 шаршы метр нысан. Бағасы – 251 млн теңге.

Лоттардың құжаттарында жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтар салынғаны көрсетілген. Сатып алушылар мүлікті қайта рәсімдеу, шектеулерді алып тастау, сондай-ақ салық немесе айыппұл бойынша берешек болған жағдайда оны өтеу мәселелерін өздері шешуі тиіс.

Айта кетейік, БАҚ-та Болат Назарбаевтың сенімді адамы ретінде аталған Елдос Қоспаев 11 адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған. Тергеу дерегінше, топ табысты бизнестерді рейдерлік жолмен басып алу, бопсалау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатумен айналысқан.

2025 жылы Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары 9 жылдан 12 жылға дейін түрме жазасын алды.

Қылмыстық топ әрекетінен жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 18 млрд теңгеден асқан.

Тергеу барысында 154 жылжымайтын мүлік нысаны, 19 қымбат автокөлік, оның ішінде Rolls-Royce Ghost, Range Rover және BMW X7, шамамен 9 млн доллар, сондай-ақ жабайы арыстандар мен аюлар ұсталған фазенда тәркіленген. Қымбат көліктердің бір бөлігі бұған дейін сатылып кеткен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз