Алматыдағы автобус апаты: жүргізушінің үстінен іс қозғала ма?
Алматыда автобус апатына қатысты қоғамдық көліктің жүргізушісі Ермек Шөкебаева халыққа үндеу жолдады. Ол қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, өзінің кінәлі емес екенін алға тартты.
«Алдымен, қаза болған жандардың отбасына көңіл айтамын. Мен мұндай жағдайды жауыма да тілемес едім. Өзімді кінәлі деп санамаймын. Ауруханада жатқанымда маған екі тергеуші келіп, менің жәбірленуші екенімді айтқан еді. Ал ауруханадан шыққан соң, ауыр айып тағылып, маған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Пәтер жалдап тұрамын, екі балам бар. Солар үшін жұмыс істеп келемін. Маған соққы жасалмағанда, мен мұндай жағдайға жол бермес едім. Әділ шешім шығады деген үміттемін», - деді автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева.
Ал Алматы полициясы бұл деректі жоққа шығарды.
«Жол-көлік оқиғасына қатысты күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Ал қоғамдық көлік жүргізушісі жәбірленуші ретінде танылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады»,- деп хабарлады қалалық ПД.