Кейіпкер

Алмаз ШАРМАН: Ең алдымен жүйені өзгерту керек

МӘМС қаржысы өсіп, цифрлық бақылау күшейгенімен, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігіне қатысты сұрақ азайған жоқ.

Алмаз ШАРМАН

 Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының және Қазақ тағамтану академиясының президенті,АҚШ денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы, Қордың жауапкершілігі, негізсіз төлемдермен күрес және аурудың алдын алуға басымдық беру қажеттігі туралы пікір білдірді.

"Реформалар жүйенің негізгі кемшіліктерін түбегейлі жоя алмады"

– АҚШ-та ғылыми-зерттеулер жүргізіп, Қазақстанда медициналық ұйымдарды басқару жүйесін дамытуға атсалыстыңыз. Екі елдің тәжірибесін салыстырғанда, Қазақстан медицинасының ең үлкен үш олқылығы қандай?

– Мен өзара үш байланысты мәселені бөліп айтар едім. Біріншісі – денсаулық сақтауға бөлінетін қаржының аздығы. 2023 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау шығыны жалпы ішкі өнімнің 3,8 пайызына тең болды, ал Еуразиялық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі орташа көрсеткіш 9,2 пайыз шамасында. Қаржының жеткіліксіздігі медициналық ұйымдардың жабдықталуына, дәрігерлердің еңбекақысына және қызмет тарифтеріне әсер етеді. Тариф нақты шығынды жаппаса, медициналық ұйымның мүмкіндігі шектеледі, ал оның орнын кейде пациент өз қалтасынан толтырады. 2023 жылы медициналық шығындардың 27,7 пайызы халықтың өз қаражаты есебінен төленген.

Екіншісі – аурудың алдын алуға жеткілікті көңіл бөлінбеуі. Біз көбіне ауру асқынғаннан кейін емдеуге ақша жұмсаймыз.

Үшіншісі – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіндегі теңсіздік. Мәселен, қала мен ауылдың мүмкіндігі бірдей емес, ал жүйеге деген сенім аз. Бұл олқылықтар бір ғана шешіммен жойылмайды. Біз медициналық ұйымдардың құрылымын бірнеше рет өзгерттік, бірақ қаражаттың қалай жұмсалатынын және оның адам денсаулығына қандай нәтиже бергенін өлшеу тәсілін толық өзгерте алмадық.

– Денсаулық сақтау жүйесі бірнеше рет реформаланды. Медициналық сақтандыру енгізілді, қаржыландыру тәртібі өзгерді, енді МӘМС-ті қайта құру мәселесі көтеріліп отыр. Бұл өзгерістер неліктен көздеген мақсатына жете алмады?  

– Меніңше, басты қате белгілі бір қаржыландыру моделін таңдап, кейін одан бас тартқанымызда ғана емес. Әр реформада жүйенің бір бөлігі өзгергенімен, оның жұмыс істеу қағидаттары көбіне сол күйі қалды. Қазақстан бюджетпен қаржыландыруды да, сақтандыру моделін де, бағдарламалық қаржыландыру тәсілдерін де қолданып көрді. Бірақ медициналық ұйымдарды қалай қаржыландырамыз, қызметтің бағасын қалай белгілейміз, оның сапасына кім жауап береді деген негізгі сұрақтар толық шешілген жоқ.

Мысалы, ауруханаға төсек-орын санын, емханаға тіркелген адам мен көрсетілген қызметтің көлемін есептесек, сол көрсеткіштерді орындауға бейімделген жүйе қалыптасады. Ал адамның ауруы азайды ма, қажетті көмекті уақытында алды ма, алдын алуға болатын асқынулардың саны қысқарды ма деген мәселелер екінші кезекте қалады. Соның салдарынан есеп жақсы көрінгенімен, пациенттің денсаулығы өзгермеуі мүмкін.

Екінші мәселе – денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мен мемлекет берген кепілдіктің арасында сәйкестік жоқ. Біз халыққа тегін медициналық көмек уәде етеміз, бірақ сол көмектің толық құнына жететін қаражат пен тарифтерді қамтамасыз ете алмаймыз. Қызмет бағасы нақты шығынды жаппаса, медициналық ұйым басқа жерден үнемдеуге, қосымша табыс іздеуге немесе пациенттен ақша алуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығына, сапаның төмендеуіне және халықтың наразылығына әсер етеді.

Сондықтан бұрынғы реформалардың бәрін қате деп кесіп айтуға болмайды. Әр кезеңде пайдалы өзгерістер болды. Бірақ олар жүйенің негізгі кемшіліктерін түбегейлі жоя алмады. Жауапкершілік те бір адамның немесе бір министрдің мойнында ғана емес. Үкімет қаржыландыру басымдықтарын айқындайды, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық саясатты жүргізеді, Қор қызметтерді сатып алады, ал медициналық ұйымдар сол көмекті көрсетеді. Әрқайсысы өз міндетіне дұрыс жауап беруі керек. Ең бастысы, реформа басталғанда қандай нәтиже күтілетіні алдын ала анықталып, кейін сол нәтиже тәуелсіз бағалануы тиіс.

Алмаз ШАРМАН
Фото ашық дереккөз/Алмаз ШАРМАН

– Мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің өзін алу үшін азаматтар дәрі-дәрмекке, тексеруге, емделуге неге қалтасынан қосымша ақша төлеуге мәжбүр?

– Бұл жерде қаржының жеткіліксіздігі мен оның қалай бөлінетінін бір-бірінен ажыратуға болмайды. Екеуі де маңызды. 2024 жылы Қазақстанда денсаулық сақтауға жұмсалған шығынның 31,9 пайызы азаматтардың өз қалтасынан төленді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 27,7 пайыз болған. Яғни мемлекеттік және сақтандыру қаржысы артқанымен, халықтың тікелей шығыны азайған жоқ. Халық көбіне дәрі-дәрмекке, стоматологиялық көмекке және мамандардың амбулаториялық қабылдауына ақша жұмсайды. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, тегін берілетін дәрілер тізімі барлық қажетті препаратты қамтымайды. Екіншіден, кейбір қызмет заң бойынша қарастырылғанымен, оны алу үшін ұзақ күтуге тура келеді. Үшіншіден, Қор бекітетін тариф медициналық ұйымның нақты шығынын жаппауы мүмкін. Мұндай жағдайда жетпеген қаражатты клиника өзге жолмен табуға тырысады, ал оның салмағы көбіне пациентке түседі.

Сондықтан "тегін медицина" дегеніміз – медициналық көмектің шығыны жоқ деген сөз емес. Ол шығынды азамат ауруы асқынған кезде жеке өзі көтермей, қоғам болып алдын ала қаржыландыру керек дегенді білдіреді. Мемлекеттік пакетке кіретін қызмет үшін ресми түрде қосымша ақы алынбауы тиіс, бірақ іс жүзінде адамдардың төлеуге мәжбүр болуы қаржыландыру мен кепілдіктің арасындағы алшақтықты көрсетеді. Мәселені тек бюджеттен көбірек ақша бөлу арқылы шешу де жеткіліксіз. Қаражаттың қандай қызметке жұмсалатынын, дәрілердің қолжетімділігін және медициналық ұйымдардың тарифтерін қайта қарау қажет. Пациентке нақты қандай көмектің кепілдендірілгені түсінікті болып, ол сол көмекті уақытылы алуы керек. Әйтпесе мемлекет тегін қызмет уәде етіп, ал емделуші оны өз ақшасына сатып алатын жағдай жалғаса береді.

"Мақсат – заңбұзушылыққа жол ашатын тетіктерді өзгерту"

– Биыл МӘМС арқылы 3,4 трлн теңге жұмсалатыны айтылды. Қаржы көлемі артқанымен, медициналық қызмет сапасына сын азайған жоқ. Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалғанын және нақты нәтиже бергенін қандай көрсеткіштер арқылы бағалауға болады?

– Алдымен денсаулық сақтауға қанша ақша бөлінетінін ғана емес, сол қаржыға елдің қандай медициналық көмек алуы керегін анықтауымыз керек. Осы жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы шамамен 3,4 трлн теңге өтеді. Бұл көлем жеті жыл бұрынғыдан бірнеше есе көп. Бірақ қаржының өсуі пациенттің шығыны азайып, медициналық көмектің қолжетімділігі артқанын білдірмейді.

Халықаралық деңгейге келсек, Қазақстанның денсаулық сақтауға бөлетін мемлекеттік қаражаты экономиканың көлемімен салыстырғанда төмен екені көрінеді. Мәселен, 2021 жылы мемлекеттік шығын ЖІӨ-нің 2,6 пайызына тең болды. Осы деңгейдегі табысы бар елдерде көрсеткіш орта есеппен 4,2 пайызға, Еуропа өңірінде 5,9 пайызға жеткен. Сондықтан денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығынды ЖІӨ-нің 5-6 пайызына дейін жеткізуді қарастыру керек.

Алайда мұны бірден нақты теңгемен есептелген түпкілікті сома деп қабылдауға болмайды. Актуарлық есеп қажет. Ол үшін кепілдік берілетін қызметтердің құнын, дәрі-дәрмек шығынын, медициналық ұйымдардың нақты тарифтерін, кадр мен жабдық қажеттілігін және халықтың жас құрамын ескеру керек. Мемлекет қандай көлемдегі көмекті кепілдендірсе, сол міндеттемені қаржыландыруға қанша қаржы қажет екенін алдын ала есептеуі тиіс.  

Қаржының негізгі бөлігі мемлекеттен келуі керек, әсіресе балаларды, зейнеткерлерді, мүгедектігі бар адамдарды және жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ өзге топтарды қорғау қажет. Жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналары да жүйенің маңызды бөлігі болып қала береді. Бірақ қосымша шығынның бәрін халықтың мойнына арту дұрыс емес.

Менің ұстанымым, алдымен ел қандай көмекті кепілдендіретінін нақтылап, оның құнын есептеп, содан кейін қаржыландыру көздерін сәйкестендіру керек. Қосымша қаражаттың тиімділігі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі арқылы бағалануы тиіс.

Алмаз ШАРМАН
Фото ашық дереккөз/Алмаз ШАРМАН

– Қорда негізсіз төлемдерді анықтайтын Qalqan платформасы мен антифрод жүйесі енгізілді. Соған қарамастан, тексерулер кезінде көрсетілмеген медициналық қызметтерге ақы төлеу, жалған тіркеу фактілері анықталған. Цифрлық бақылау мұндай заңбұзушылықтардың алдын алуға жеткілікті ме, әлде қаржыландыру мен жауапкершілік тетіктерін де өзгерту қажет пе?

– Бар мәселені тек алаяқтықпен түсіндірсек, оның пайда болуына мүмкіндік берген жүйелік себептерді елемей қаламыз. Соның бірі – қаржыландыру тетігі. Егер медициналық ұйымға көрсеткен қызметінің көлеміне қарай ақша төленсе, сол көлемді көбейтуге ынта пайда болады. Ал Қор есепті тексерумен шектеліп, қызметтің медициналық қажеттілігін бағаламаса, жалған тіркеу мен көрсетілмеген қызмет үшін төлем жасау қаупі сақталады.

Цифрлық бақылаудың пайдасы бар. 2026 жылдың алғашқы жартысында төлем алдындағы тексеру 4 млрд теңгеден астам күмәнді шотты тоқтатуға мүмкіндік бергені, құқық қорғау органдарына 4,5 млрд теңгеге қатысты материалдар жолданғаны хабарланды. Бұл – қаржыны қорғаудағы маңызды қадам. Бірақ аталған көрсеткіштерге қарап, мәселе толық шешілді деуге болмайды. Негізгі өлшем – қанша күмәнді төлем анықталғаны ғана емес, қанша қаражат қайтарылғаны және заңбұзушылықтың қайталануына жол бермеу үшін қандай шара қабылданғаны.

Тағы бір маңызды мәселе – алгоритм күмәнді төлемді анықтағанымен, медициналық қызметтің шынымен қажет болған-болмағанын әрдайым бағалай алмайды. Мысалы, пациент ауруханада емделген болуы мүмкін, бірақ оны жатқызуға медициналық негіз болмаған немесе бір тексеру негізсіз қайталанған шығар. Мұны анықтау үшін цифрлық бақылаумен қатар клиникалық аудит пен пациенттің кері байланысы қажет.

Сондықтан азаматтар жеке кабинеті арқылы өз атына қандай медициналық қызмет көрсетілгенін және оған қанша қаражат төленгенін көре алуы керек. Егер өзі алмаған қызмет тіркелсе, бірден шағым түсіріп, оның қаралу барысын бақылауға мүмкіндік болғаны жөн. Сонымен бірге күмәнді төлемдер мен тексеру нәтижелері, қайтарылған қаражат және жауапқа тартылған тұлғалар туралы ақпарат ашық жариялануы тиіс.

Жауапкершілік заңсыз қызметті рәсімдеген медициналық ұйыммен ғана шектелмеуі керек. Төлемді кім тексерді, кім мақұлдады, қандай негізге сүйенді, осының бәрі анықталуы қажет. Негізгі мақсат – кінәлілерді жазалау ғана емес, заңбұзушылыққа жол ашатын тетіктерді өзгерту.

– Қордың Қаржы министрлігіне берілуі қаржы ағындарын бақылауды күшейтуді көздейді. Ал медициналық қызметтің мазмұны мен стандарттары Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде қалады. Мұндай жағдайда қаражаттың тиімді жұмсалуына және медициналық көмектің сапасына кім жауап береді?

– Қорды Қаржы министрлігіне беру қаржы тәртібін күшейтуге бағытталған. Бірақ бұл жүйедегі барлық мәселені өздігінен шешпейді. Қаржы министрлігі бюджет қаражатының тәртібін бақылайды, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің мазмұны мен клиникалық стандарттарын айқындайды, ал Қор сол көмекті медициналық ұйымдардан сатып алады. Осы міндеттердің аражігі нақты белгіленбесе, нәтиже жоспардағыдай болмаса, әр орган жауапкершілікті бір-біріне ысыра алады.

Қор кәсіби басқарылатын, шешім қабылдауда тәуелсіздікке ие мемлекеттік сатып алушы болуы керек. Оның басқаруында тәуелсіз мүшелер мен пациент мүддесін білдіретін өкілдердің болғаны маңызды. Тарифті белгілеу, қызмет сапасын тәуелсіз бағалау және пациент шағымын қарау түгел бір мекеменің қолында шоғырланбауы тиіс. Қор жыл сайын қанша қаражат жұмсағанын ғана емес, қандай көмекті кімнен сатып алғанын, сапасы қалай бағаланғанын және пациент үшін қандай нәтиже бергенін де ашық жариялауы керек. Сондықтан медициналық қызметті сатып алу тәртібін қайта қарап,  Денсаулық сақтау министрлігі медициналық саясат пен стандарттарды айқындауға жауапты болуы тиіс. Қор медициналық көмекті сатып алатын ұйым ретінде кәсіби әрі жауапты жұмыс істеуі керек. Қаржы тәртібі міндетті, бірақ түпкі мақсат – ақшаның жұмсалуын ғана бақылау емес, халықтың денсаулығын жақсарту.

– Сіз таяуда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директорлар кеңесіне тәуелсіз мүше болып кірдіңіз. Қордың жұмысын сырттан сынау мен оның басқару жүйесіне қатысу – екі бөлек міндет.  Енді сіздің нақты өкілеттігіңіз бен жауапкершілігіңіз қандай?

– Біріншіден, тәуелсіз директордың рөлі мен Қордың күнделікті қызметін басқаратын басшылықтың міндетін ажырату қажет. Қордың операциялық жұмысына жауап беретін адамдар бар, ал директорлар кеңесі стратегиялық шешімдерді, тәуекелдерді басқаруды және ұйым жұмысының нәтижесін қадағалауы тиіс. Кеңес алқалы орган болғандықтан, бір адамның бүкіл жүйені өзгертуі мүмкін емес.

Мен үшін тәуелсіз директордың негізгі міндеті – күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарды қою, қаржының қалай жұмсалып жатқанын түсіндіруді талап ету және шешімдердің пациент мүддесіне сай болуын қадағалау. Қордың қанша шот тексергені немесе қанша қаражат үнемдегені маңызды. Алайда жұмыстың нәтижесі үнемделген қаржының немесе тоқтатылған күмәнді төлемдердің санымен ғана өлшенбейді. Қанша адам дәрігер қабылдауына уақытында жазылды, қажетті дәрісін алды, қанша қызмет негізсіз төленді және халықтың қалтасынан шығатын шығын азайды ма, осы сұрақтарға да жауап қажет. Қор жұмысының нәтижесін осындай түйткілдер арқылы бағалауға мүмкіндік туса, қоғам оның тиімділігі туралы нақты пікір қалыптастыра алады.

Дегенмен "директорлар кеңесіне кірген аз уақыт ішінде өзім нақты мынадай өзгеріс енгіздім" деп мәлімдеу үшін әр шешім мен оның нәтижесін көрсету керек. Маңыздысы, Қордың қызметін бағалау өлшемдерін кеңейтіп, қаржы мен медициналық нәтиже арасындағы байланысты ашық көрсетуге ұмтылу. Әрине, басқарушы органның жауапкершілігі де болуы керек. Егер жүйелі қателіктер анықталып, бірақ оларды түзету шаралары қабылданбаса немесе қабылданған шешімдердің орындалуы дер кезінде бақыланбаса, директорлар кеңесі өз міндетін қалай атқарғаны туралы есеп беруі тиіс. Тәуелсіздік жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, біз қабылданған шешімдердің негізін сұрап, нәтижесін ашық бағалауды талап етуге міндеттіміз.

– Азаматтар дәрігерге жазылу, тексеруден өту және медициналық қызмет алу кезіндегі қиындықтарға жиі шағымданады. Неліктен Қордың қаржылық көрсеткіштері мен пациенттердің нақты тәжірибесі арасында алшақтық бар?

–  Мәселе – қаржыландыру есебі мен пациенттің нақты жолы бір жүйеге біріктірілмегенінде. Қазақстанда кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакеті мен сақтандыру пакеті қатар жұмыс істейді. Пациент үшін бұл бір ауруды анықтау және емдеу процесі, ал жүйе үшін әртүрлі талаптары мен қаржы көздері бар бірнеше бөлек рәсім. Оған медициналық қызмет көлеміне қойылатын шектеулер мен ұзақ кезек қосылады. Кезек күтуге мүмкіндігі жоқ адам жеке клиникаға барады, ал төлеуге шамасы жетпеген адам көмекті кеш алуы ықтимал.

Қазір шамамен 2,7 млн адам сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Оның үстіне медициналық шығынның едәуір бөлігі халықтың өз қалтасынан төленеді. Мұндай жағдайда қаржы көлемі артқанымен, оның пайдасын барлық азамат бірдей сезінбейді. Меніңше, негізгі өзгеріс – әр заңды тұрғынға базалық медициналық көмекке бірдей құқық беру, көмекті барынша біртұтас пакетпен ұйымдастыру және нақты күту мерзімдерін белгілеу. Егер белгіленген мерзімде көмек көрсетілмесе, пациентке басқа аккредиттелген клиникаға жолдама немесе ваучер ұсыну тетігі қарастырылуы керек.

"Дәрігердің ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасау керек"

– АҚШ тәжірибесін білетін маман ретінде айтыңызшы, Қазақстандағы дәрігер тапшылығын қалай шешуге болады? Ауыл мен қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын теңестірудің жолы бар ма?

– Бұл мәселені тек дәрігер санын көбейтумен немесе жалақыны көтерумен шешу қиын. Ең бастысы – мамандардың қай жерде жұмыс істейтіні және ауылда тұрақтап қалуына қандай жағдай жасалғаны. Деректерге сүйенсек, дәрігерлердің 82,8 пайызы қалада, 17,2 пайызы ауылда еңбек етеді. Ал ауылда халықтың үштен бірінен астамы тұрады. Мұндай алшақтық медициналық көмекке қолжетімділікте теңсіздік туғызады. Жалақы маңызды, бірақ дәрігер үшін кәсіби өсу, заманауи құрал-жабдықпен жұмыс істеу және қалыпты тұрмыс жағдайы да шешуші рөл атқарады. Сондықтан ауылға маман тарту үшін баспана, балаларының сапалы білім алуы, жұбайының жұмысқа орналасуы, үздіксіз кәсіби даму мүмкіндігі қатар қарастырылуы керек. Жас маман ауылға барып қана қоймай, сонда ұзақ жыл жұмыс істеуге мүдделі болуы тиіс.

Кадр тапшылығын шешуде медицина қызметкерлерінің міндеттері мен жұмыс жүктемесін де қайта қараған жөн. Жүйеге пациенттің денсаулығын тұрақты бақылайтын жалпы практика дәрігерлері мен дербес қызмет атқара алатын медбикелер қажет. Дәрігердің уақыты қағаз толтыруға емес, пациентке көмек көрсетуге жұмсалуы керек. Ал телемедицина мен қалалық медициналық орталықтармен тұрақты кәсіби байланыс ауыл мамандарының мүмкіндігін кеңейтеді. АҚШ тәжірибесінен клиникалық стандарттарды, медициналық қызмет сапасын бағалау мен пациентке ақпарат берудің тиімді тетіктерін үйренуге болады. Бірақ ол елдің қымбат медициналық жүйесін тұтас көшірудің қажеті жоқ. Пайдалы тәжірибелерді Қазақстанның жағдайына бейімдеген дұрыс.

Мемлекет ауылға маман тарту шараларын бірреттік төлеммен шектемей, ұзақ мерзімді бағдарламаға айналдыруы қажет. Оның нәтижесін ауылға қанша дәрігер жіберілгенімен ғана емес, олардың қаншасы бірнеше жылдан кейін де сол жерде жұмыс істеп жүргенімен және халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі қалай өзгергенімен бағалау керек. Ең бастысы – дәрігерді ауылға жіберу емес, оның сол жерде тұрақтап қалуына жағдай жасау.

– Денсаулық сақтау қаржысының басым бөлігі ауруды емдеуге жұмсалады да, оның алдын алуға аз бөлінеді. Қордың қаржыландыру жүйесін профилактикаға бағыттау үшін не өзгерту керек? Бұл ретте отбасылық дәрігердің рөлін қалай күшейтуге болады?

– Әрине, профилактикаға басымдық беру қажет. Қазіргі жүйеде ауру асқынғаннан кейінгі емге қомақты қаржы жұмсалады да, оның алдын алуға жеткілікті көңіл бөлінбейді. 2021 жылы денсаулық сақтау шығындарының 35 пайызы стационарлық көмекке бағытталса, профилактикаға небәрі 2,6 пайызы бөлінген. Сонымен қатар халықтың 58 пайызы профилактикалық тексеруден өтпеген, ал ұсынылған тексерулердің толық жиынтығын әр оныншы адам ғана алған. Бұл медицинаны ауруды емдеуден гөрі, оны ерте анықтау мен алдын алуға бағдарлау қажеттігін көрсетеді.

Қор шығынының кемінде 8-10 пайызын профилактикаға бөлуге болады. Алайда қаржыландыру көлемін арттырумен шектелмей, төлем тәртібін де өзгерту керек. Қазір емхана көбіне қабылдаған пациенттерінің санына қарай бағаланады. Ал оның созылмалы ауруларды қаншалықты бақылағаны, скрининг пен вакцинацияның қамту деңгейі, алдын алуға болатын ауруханаға жатқызу көрсеткішінің азаюы да ескерілуі тиіс. Мысалы, гипертониясы бар адамның инсульт алмауы емхана жұмысының нақты нәтижесі ретінде бағалануы керек.

Бұл ретте отбасылық дәрігердің жауапкершілігін күшейту маңызды. Ол пациентті бір маманнан екіншісіне жолдайтын қызметкер ғана емес, адамның денсаулығын ұзақ мерзім бақылап, созылмалы ауруларын басқаруға жауапты маман болуы қажет. Ол үшін алғашқы медициналық көмекке жеткілікті қаржы, білікті медбикелер мен диагностикалық мүмкіндік керек.

Мақсат – ауруханаға қаржы бөлуді азайту емес, ауру асқынбай тұрып көмек көрсететін жүйе қалыптастыру. Денсаулық сақтау саласы ауруды емдегені үшін ғана емес, оның алдын алғаны үшін де қаржыландырылуы тиіс.

Алмаз ШАРМАН
Фото ашық дереккөз/Алмаз ШАРМАН

– Сіз ұсынатын МӘМС 2.0 моделінде күмәнді төлемдер алдын ала анықталуы тиіс. Алайда цифрлық бақылау медициналық көмектің сапасы мен уақытылы көрсетілуі мәселесін өздігінен шешпейді. Реформаның нәтижесін қандай көрсеткіштермен бағалау керек? Қаражат үнемдеу пациенттің ем алу құқығына нұқсан келтірмейтініне кепілдік бере ме?

– МӘМС 2.0-дің мақсаты – жалған төлемдерді анықтау ғана емес, қаржыландыру жүйесін пациенттің қажеттілігіне бейімдеу. Медициналық көмекті қаржының қай көзден бөлінетініне қарай емес, адамның денсаулық жағдайына қарай ұйымдастыру керек. Базалық медициналық көмек елде заңды тұратын әр адамға сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болуы тиіс. Жарна төлеу міндеті сақталады, бірақ адамның ем алу құқығы оған тәуелді болмауы керек.

Реформаның тиімділігін үнемделген қаражатпен ғана бағалауға болмайды. Пациенттің дәрігер қабылдауын күту мерзімі, дәрі-дәрмектің қолжетімділігі, қызмет сапасы және азаматтардың өз қалтасынан төлейтін шығыны негізгі көрсеткіш болуы қажет. Мәселен, қатерлі ісікке күдік туған жағдайда тексеруден өту мен емді бастау мерзімі нақты белгіленіп, ол сақталмаса, пациентті басқа медициналық ұйымға бағыттайтын тетік қарастырылуы керек.

2030 жылға дейін азаматтардың медициналық шығынын өз қалтасынан төлеу үлесін 25 пайыздан төмендету, сақтандыру жүйесінен тыс қалғандар санын 1,5 миллионға азайту, пациенттердің кемінде 90 пайызына көмекті белгіленген мерзімде көрсету сияқты нысаналы көрсеткіштер ұсынуға болады. Бұл үшін цифрлық бақылаумен қатар дәрігер тапшылығын азайтып, медициналық ұйымдардың жабдықталуын жақсарту қажет. Реформаны алдымен пилоттық өңірлерде сынап, нәтижесін тәуелсіз бағалаған жөн. Ең бастысы, үнемделген қаражат пациентке көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жұмсалуы тиіс.

– Алдағы бес жылда денсаулық сақтау саласында қандай үш бағытқа басымдық беру керек? Тұрғындар реформаның нақты нәтижесін күнделікті өмірде қандай өзгерістерден сезінуі тиіс?

– Бірінші кезекте базалық медициналық көмекті адамның сақтандыру мәртебесіне тәуелді етпеу керек. Жарнаны кім және қалай төлейтіні – қаржыландыру мәселесі. Ал әлеуметтік осал топтардың жарнасын мемлекет өтеуі тиіс. Ең бастысы, ешкім сақтандыру мәртебесіне бола қажетті емнен қағылмауы керек.

Екінші басымдық – медициналық ұйымдарды қызмет көлемі үшін ғана емес, ем нәтижесі мен қызмет сапасы үшін қаржыландыру. Созылмалы ауруларды бақылау, қажетсіз ауруханаға жатқызуды азайту да төлем жүйесінде ескерілуі қажет.

Үшінші бағыт – алғашқы медициналық көмекті, профилактиканы және негізгі дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін күшейту. Ауру асқынғаннан кейін емдеуге көп қаржы жұмсағаннан гөрі, оның алдын алған тиімді.

2030 жылға қарай мемлекеттік және сақтандыру есебінен денсаулық сақтауды қаржыландыруды жалпы ішкі өнімнің 1,84 пайызынан 2,5 пайызына дейін арттыру қажеттігі жөнінде есеп бар. Бірақ қаржы көлемін ұлғайту жеткіліксіз, оның жұмсалуына жауапкершілік пен нәтижені бағалау қатар күшеюі керек. Азамат реформаның нәтижесін есептен емес, дәрігер кезегінің қысқаруынан, қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімділігінен, ауылдан білікті маман табуынан және емделу шығынының отбасы бюджетіне салмақ салмауынан сезінуі тиіс.

– Әкеңіз, академик Төрегелді Шарманов ұзақ жылдар Тағамтану академиясын басқарып, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға күш салды. Енді академияның жұмысын өзіңіз жалғастырып отырсыз. Бүгінде қандай бағыттарға басымдық бересіз?

– Әкем тағамтану ғылымының негізін қалап қана қоймай, дұрыс тамақтанудың ұлт денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екенін үнемі айтып өтті. Біз осы ғылыми мұраны жалғастыра отырып, академия жұмысын бүгінгі талаптарға бейімдеп келеміз. Атап айтқанда, халықтың тамақтану мәдениетін жақсарту, семіздік пен қант диабеті сияқты созылмалы аурулардың алдын алу, балалар мен жастардың дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру маңызды. Сондай-ақ тағам сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты ғылыми-зерттеулерді дамытуға көңіл бөлеміз. Біздің мақсатымыз – дұрыс тамақтануды жеке адамның таңдауы ғана емес, қоғамдық денсаулықты нығайтудың маңызды бағытына айналдыру.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Алмаз ШАРМАН
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз