Аймақ

Алтын іздегендер ауыл маңын орға айналдырды

Алтын іздегендер ауыл маңын орға айналдырды

Алтын барлау

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Майөзек ауылының маңын қазып, ойдым-ойдым орға айналдырған алтын іздеушілер енді тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Жайылымнан айырылған жұрт балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.

Қазақ даласының қойнауындағы байлыққа көз тіккендердің қатары күн өткен сайын көбейіп бара жатқандай. Қазба байлықтан пайда табуды көздегендердің бәрі бірдей заңды жолмен әрекет етіп жүр деуге тағы келмейді. Бірі дала кезіп, алтын іздесе, енді бірі жердің асты-үстін қопарып, табиғатты бүлдіріп, ауыл халқына орасан зиянын тигізеді. Мұндайда "Айдалада алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" деген сөздің кері келетіндей. Бұқар жырау ауданына қарасты Майөзек ауылының тұрғындары дәл осындай жағдайға тап болған. Жаздан бері ауылдың тыныштығы бұзылып, елдің мазасы қашқан. Бұған себеп – елді мекен маңынан алтын қоры табылды деген алыпқашпа әңгіме. Осы сөзді естігендер жан-жақтан ағылып келіп, ауыл төңірегіндегі жерлерді рұқсатсыз қазуға кіріскен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кей күндері Майөзек маңына 80 астам көлік пен арнайы техника жиналады екен. Олар көздеріне түскен жерді қазып, оны сол күйі қазылған қалпында тастап кетеді. Онсыз да жайылымға зәру ауылдың төңірегі енді ойдым-ойдым шұңқырға айналған. Жеңіл көліктер мен ауыр жүк машиналары ауылдың ішінен де жылдамдықты сақтамай, жүйткіп өтеді дейді. Ауыл ішінде алаңсыз асыр салып ойнап жүретін балалардың қауіпсіздігі тұрғындарды алаңдата бастаған. Бейтаныс адамдардың көлігі ауылдың ішіне дейін кіріп, кейбірі тұрғындардың үйінің жанына тұрақтап, түнеп шығатын болған. Ал ауыл жұрты олардың кім екенін, қайдан келгенін де білмейді.

Тұрғындардың айтуынша, алтын іздеушілерге наразылық білдіргенде, олардан "жақында ауылдың маңы үлкен орға айналады" деген қоқан-лоқыға ұқсас жауап естіген. Бұл сөзден кейін онсыз да алаңдап отырған жұрттың үрейі үдей түскен.

"Біз әкімнен ең құрығанда түнде ауыл ішіне полиция қызметкерлерін кезекшілікке қойса деп сұрап отырмыз. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Малымызды ұрлап кете ме, ауылымызға не істейді деп уайымдаймыз. Бұлардың қандай адамдар екенін, қайдан келіп жатқанын білмейміз. Тамыр-таныстары мықты сияқты. Полиция ұстап әкетеді де, 15-20 минуттан кейін қайтадан қаптап келеді. Үйіміздің жанына көліктерін қойып, сонда түнеп шығатындары да бар. Бұл біз үшін қауіпті. Әкімге айтсақ, кезекшілікке шығатын адам жоқ, жалғыз учаскелік полиция қызметкері бар дейді", – деді аты-жөнін жарияламауды сұраған Майөзек ауылының тұрғыны.

Қушоқы ауылдық округіне қарайтын Майөзекте отыз шақты ғана үй бар. Ауыл халқының негізгі күнкөрісі – қолындағы азын-аулақ малы. Алайда енді сол малды жаятын жердің өзі тарылып барады. Тұрғындардың сөзінше, ауыл маңында жайылымдық жер онсыз да тапшы болғандықтан, олар көршілес Осакаров ауданына қарасты аумақтарды пайдаланып келген. Бірақ алтын іздеушілер сол жерлерді де қазып тастаған. Ауылға ағылғандардың арасында қауіпсіздік пен заң талаптарын елемейтіндер де бар көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, олар елді мекенге жақындағанда көліктерінің мемлекеттік нөмірін шешіп алады. Бет-жүзін көрсетпеу үшін бетперде киетіндер де кездеседі. Полиция оларды бақылау үшін дрон ұшырғанымен, алтын іздеушілер де түрлі айлаға көшіп отыр. Ал жергілікті әкімдіктің бұл әрекеттерге қарсы тұруға қауқары жетпей отырғаны байқалады. Қушоқы ауылының әкімі Халил Рыспековтің айтуынша, полиция арнайы жасақпен бірнеше рет келіп, алтын іздеушілерді ұстаған. Көліктері де тәркіленген. Алайда олар арада екі-үш күн өткен соң қайта босатылып, заңсыз әрекеттерін жалғастыра берген.

"Бұл ауылда онсыз да жайылымдық жер жоқ. Біз көршілес Осакаров ауданының ауылдарына қарасты жерлерге мал жаямыз. Бірақ сол жердің өзін қазып тастаған. Полиция "Арлан" жасағымен бірнеше рет келіп, оларды ұстап әкетті, көліктерін тәркіледі. Бірақ неге екені белгісіз, екі-үш күннен соң қайтадан босатып жібереді. Алтын іздеушілерге қатысты қателеспесем, екі қылмыстық іс қозғалды", – дейді ауыл әкімі.

Ауыл тұрғындары мен әкімдіктің шағымынан кейін полиция тарапынан бірқатар шара қолға алынған. Бірақ әзірге оның нәтижесі Майөзек жұрты күткен тыныштықты орната алмай отыр. Қарағанды облысының полиция департаменті заңсыз бағалы металл іздеушілерге қарсы кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде полиция мамандары арнайы айыппұл тұрағына 30 көлік пен 10 арнайы техниканы орналастырды. Сонымен қатар бағалы металдарды іздеуге арналған 40 құрылғы тәркіленді. Қазіргі уақытта полиция қызметі кез келген ақпаратты жіті тексеріп, бағалы металдарды заңсыз алу әрекеттерінің жолын кесу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Отыз шақты үйі бар шағын ауылдың адамдары енді өз ауласында да алаңсыз отыра алмайтын жағдайға жеткен. Балаларының амандығын, малының өрісін ойлап отырған жұрттың тілегі біреу – алтын іздегендер ауылдың маңын ойрандап, елдің үрейін ұшыруын тоқтатса екен. Жерастындағы байлық біреудің қалтасын қампайтар, ал жерүстіндегі ауылдың берекесін кім ойлайды?

Арайлым Еркебаева

Қарағанды облысы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз