Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:47, 24 Маусым 2024

Астана-Алматы күре жолының құрылысы қашан аяқталады?

л
Фото: ҚР Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігі Астана-Алматы күре жолының құрылысы қашан аяқталатыны туралы айтты, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын республикалық маңызы бар Астана-Алматы күре жолының құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары аясында Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бұрылбайтал, Бұрылбайтал-Күрті және Шамалған станциясының айналма жолы жобалары жүзеге асып жатыр. Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 946 шақырым, делінген хабарламада.

Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. 

Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде атап өткендей, учаскелердің бір бөлігі жаздың ортасынан бастап қолданысқа берілсе, қалған бөлігі 2024 жылдың соңына дейін халық игілігіне тапсырылады.

Мәселен, жалпы ұзындығы 363 шақырымды құрайтын Қарағанды-Балқаш күре жолының бойында айналма жолдар мүлдем қалған жоқ. Жоба аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін арналған 32 жол өтпесі, көлік айрығы және темір жол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы толық аяқталды, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай - ақ, жолшылар асфальттың жоғарғы қабатын төсеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тосқауыл қоршауларын орнатуда. Нысанды 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру көзделіп отыр.