Астана-Франкфурт рейсі Ақтөбеге шұғыл қонды
Астана-Франкфурт бағыты бойынша ұшып бара жатқан ұшақ техникалық себепке байланысты Ақтөбеге шұғыл қонды, деп хабарлайды Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Компания мәліметінше, 8 мамыр күні KC921 рейсін орындаған ұшақ Астанадан сағат 08:54-те ұшып шығып, сағат 11:34-те Ақтөбеге қонған.
«Әуе кемесінің экипажы қауіпсіздік талаптарына сәйкес қону туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті», – делінген хабарламада.
Жолаушыларды ары қарай тасымалдау үшін әуе компаниясы Алматыдан резервтік ұшақ жіберген. Ақтөбеден Франкфуртқа жолаушылармен бірге рейс бүгін сағат 14:20-да ұшады деп жоспарланған.