Астана соты Назарбаевтың өтінішін қанағаттандырмады
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Болат Назарбаевтың ұлы Ханболат Назарбаевтың өтінішін қанағаттандырмады.
Nege.Aqsha ақпаратынша, 2024 жылдың 20 ақпанында Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Болат Назарбаев пен Майра Құрманғалиеваның ұлы Ханболатқа Астана қаласы Тәуелсіздік даңғылында заңсыз сауда ойын-сауық орталығын салғаны үшін 103 500 теңге айыппұл салды.
Ол аталған жерді 2020 жылдың ақпан айында сыйлыққа алып, оның ішінде орналасқан қонақ үй кешенін бұзып, оның орнына алдын ала ескертусіз және рұқсатсыз сауда орталығын салуға кірісті.
Сот Болат Назарбаевтың ұлына айыппұлды төлеп қана қоймай, заңсыз салынған ғимаратты бұзуға міндеттеді. Алайда бұл шешімге Ханболат Назарбаев шағым түсірді. Айыппұлды төлеуге дайын, бірақ ғимаратты бұзу түріндегі айыппұлды алып тастауды сұрайды.
Алайда, қалалық сот құрылыстың жер заңнамасының нормаларын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаларды өрескел бұзумен жүргізілгенін көрсетіп, арызды қанағаттандырудан бас тартты.
Сондықтан Назарбаевқа заңсыз салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу түріндегі қосымша жаза тағайындалды.
Фото: «Республика» архивінен