Астанада AI & Digital Bridge 2026 форумы аяқталды: 60-тан астам келісім жасалды
Астанада 1-3 қазан аралығында өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өз жұмысын қорытындылады.
Іс-шара аясында 60-тан астам келісімге қол жеткізіліп, жасанды интеллект саласындағы үздік жобалар марапатталды. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық компаниялардың цифрлық әзірлемелерімен танысып, халықаралық технологиялық ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
Форум Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды. Оның ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жаңа технологияларды экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізудің маңызын атап өткен болатын.
Форумның қорытынды күнінде Үкімет басшысына білім беру, қаржы және өнеркәсіп салаларына арналған жасанды интеллект жобалары таныстырылды.
Атап айтқанда, QAIRU университетінің оқу үлгерімін талдайтын жүйесі, оқушыларға жеке оқу бағдарламасын ұсынатын AI-тьютор және ауыл мектептеріне арналған онлайн оқыту платформасы көрсетілді.
Қаржы саласында Kaspi.kz компаниясының Kasper интеллектуалды ассистенті, Halyk Bank әзірлеген қызметкерлерді оқыту моделі және Freedom Holding компаниясының күмәнді қаржылық операцияларды анықтауға арналған AI-Compliance платформасы ұсынылды.
Өнеркәсіп бағытында "ҚазМұнайГаздың" цифрлық телнұсқалары мен "Қазақстан темір жолы" компаниясының SMART-диагностика жүйесі таныстырылды.
Олжас Бектенов жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін елде құқықтық негіз қалыптастырылғанын айтты. Сондай-ақ қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" жобасының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Премьер-министрдің сөзінше, бұл инфрақұрылым жасанды интеллектіні, бұлтты сервистерді және ғылыми зерттеулерді дамытуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект саласындағы үздік жобалар марапатталды
Форум аясында AI & Digital Bridge Awards 2026 сыйлығының жеңімпаздары анықталды.
Мемлекеттік технологиялар саласындағы үздік жоба аталымында egov.GPT жеңіске жетті. Білім беру бағытында GoPrep, стартаптар арасында медициналық құжаттарды автоматтандыруға арналған HealthTech жобасы үздік деп танылды.
Корпоративтік жасанды интеллект шешімдері бойынша Aventa AI, халықаралық жетістік аталымында Higgsfield AI марапатталды. Ал үздік венчурлік қор атағын MA7 Ventures, креативті индустрия саласындағы үздік жоба атағын ōzen платформасы иеленді.
Қазақстан мен Kraken ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Форум барысында Олжас Бектенов Higgsfield AI компаниясының бас директоры Александр Машрабовпен, Kraken компаниясының тең бас директоры Дэвид Риплимен және DREAM компаниясының президенті Себастиан Курцпен кездесті.
Тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту, технологиялық мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және қазақстандық мамандарды халықаралық жобаларға тарту мәселелерін талқылады.
Кездесулер нәтижесінде Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken компаниясы цифрлық активтер нарығы мен блокчейн технологиялары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Осылайша, Астанада өткен үш күндік форум отандық технологиялық жобаларды халықаралық деңгейде таныстыруға, инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және жасанды интеллект саласындағы жаңа әріптестік орнатуға мүмкіндік берді.