Астанада ат спорт ойындары өтті
Астана қаласында дене шынықтыру және спорт, өнер, мәдениет, ішкі туризмді дамытуға қатысты шаралар жиі өтеді. Соның бірі жуырда ат спортынан елорда төрінде дәстүрлі қалалық жарыс басталды.
Аталмыш шараға қатысты Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов.
«Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен елімізді қорғап, бізге керемет жер қалдырып кетті. Міне, енді Сарыарқа төрінде астанамыз жыл өткен сайын құлпырып, әлемдік мегаполистің біріне айналды. Оған еліміздегі әр тұрғынның өзіндік үлесі бар. Астана күнімен қатар, ұлттық домбыра күні де аталып өтіп жатыр. Домбыраның қандай қасиеті болса, аттың да сондай қасиеті бар. Сондықтан бүгінгі ат сайысына қош келдіңіздер! Аталған додаға Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарынан келген 80-ге тарта шабандоз сынға түседі. Ат дегенде ішкен асын жерге қоятын, салт-дәстүрімен бітеқайнасқан ұлттық спортымыз дами берсін!» – деді.
Ал 15 жастағы шабандоз Нұрлы Медетхан:
«Астана күніне орай ұйымдастырылып жатқан жарысқа екінші рет қатысып жатырмын. Бүгін жасөспірімдер санаты бойынша биіктігі 110 сантиметрді құрайтын кедергілерді бағындыруға тырысамын. Былтыр жүлдеге бір қадам жетпей, 4-орынға тұрақтаған едім. Биыл «Жеңіс» атты тұлпарыммен жеңіс тұғырынан көрінуге бар күшімді саламын», – деді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шабандоздар алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін Қазақстан чемпионаты мен Ташкент пен Бішкектегі әлем кубогының кезеңдерінде өнер көрсетеді.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК