Астанада ата-ана НЗМ-ді оқушыны суицидке итермелеуге жол берді деп айыптады
Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бұрынғы оқушысының ата-анасы мектеп әкімшілігін әрекетсіздік танытты деп айыптап, құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Анасының айтуынша, ұлы қатарластары тарапынан ұзақ уақыт бойы психологиялық қысым мен буллингке ұшыраған.
Жәбірленуші оқушы беделді білім ордасына грантпен түсіп, мектеп жобаларына белсенді қатысқан және сынып старостасы болып сайланған. Алайда сегізінші сыныпта жағдай күрт өзгеріп, сыныптастары түсініксіз себептермен оны ортадан толық шеттеткен.
– Ол балалармен сөйлескісі келіп, неге ешкім сөйлеспейтінін сұрайтын. Бірақ бәрі үндемей қоятын, – дейді баланың анасы.
Оның айтуынша, сыныптастары асханада әдейі баладан алшақ отырған, бір партаға отырғысы келмеген, ал бұрынғы достары сыныптағы беделді оқушылар көрінген сәтте онымен қарым-қатынасты тоқтатқан.
Әкімшіліктің әрекетсіздігі және суицид әрекеті
Ата-анасының сөзінше, олар бірнеше рет сынып жетекшісіне және мектеп психологына жүгінген. Бірақ мамандар жанжалға араласудан бас тартқан.
Ұзаққа созылған әлеуметтік оқшаулану салдарынан оқушыда агрессия белгілері пайда болып, өзіне зиян келтіру (селфхарм) әрекеттері байқалған және суицид туралы ойлар туындаған.
Мемлекеттік ауруханада тексеруден кейін дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалап, оны шұғыл түрде мектептен ауыстыруды ұсынған.
Қазір жасөспірім қарапайым мектепке ауыстырылған. Ол антидепрессанттар қабылдап, психиатрдың тұрақты бақылауында жүр.
Алайда орта ауысқаннан кейін де оның психологиялық жағдайы жақсармаған. Анасының айтуынша, жасөспірім тоғызыншы қабаттан секірмек болған, бірақ ата-анасы оны соңғы сәтте тоқтатып қалған.
Полицияға арыз жазылған
Суицид әрекетінен кейін отбасы полицияға ресми арыз түсірген. Анасының сөзінше, сәуір айынан бері қылмыстық іс прокуратура қарауында болғанымен, тергеуде айтарлықтай ілгерілеу жоқ.
Сонымен қатар әйел құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірі оған:
– «Тірі қалғанына шүкір деуің керек», – деп жауап бергенін мәлімдеді.
Анасының айтуынша, баласына кәсіби психологиялық көмек қажет болғанымен, ол мамандармен кездесуден бас тартып отыр.