Астанада Дариға Назарбаеваның бұрынғы үйі маңында жаңа көпір салынып жатыр
Астанада Дариға Назарбаеваға тиесілі бұрынғы үйдің жанында жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр.
Астанада Ақбұлақ каналы арқылы өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр. Бұл нысан бұрын Дариға Назарбаева атымен байланыстырылған зәулім үй орналасқан аумақта жағалауға шығу үшін салынып жатыр.
Жаңа меншік иесі Ақбұлақ каналы арқылы өтетін көпірді өз қаражатына салуға келісім берген.
«Мәселе оңай шешілді. Сұраныс болды, түрлі компаниялар ұсыныс жасады. Жаңа меншік иесі анықталған соң келіссөз жүргіздік. Қазір олар Ақбұлақ арқылы өтетін көпірді өз есебінен салып жатыр. Келесі жылы толық аяқталады», - деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Әкімнің айтуынша, көпірдің орны жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып таңдалған.
«Әрине, кейбіреулер оны басқа жерге салу керек еді деуі мүмкін. Бірақ шешім көршілес үйлердің тұрғындарының пікірімен қабылданды. Ең бастысы бұл аумақта енді еркін өтуге мүмкіндік бар. Бұрын мүлде өтуге болмайтын», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, әкім қазір жағалау бұрынғы «Рамстор» маңынан бастап М-3 көпіріне дейін тұтас жаяу жүргінші және велосипед аймағына айналғанын атап өтті. Қала тұрғындары бұл аумақты серуендеу мен демалыс үшін белсенді пайдаланып жүр.
Қала басшысы соңғы уақытта мұндай мәселелерде жер иелері тарапынан айтарлықтай қарсылық байқалмайтынын, келіссөздер конструктивті түрде өтіп жатқанын да айтты.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың қыркүйегінде аталған аумақтағы жағалау әлі де жабық болған. Ол кезде астаналықтардың өтуіне тікенек сым, күзет пен солидол жағылған қоршаулар кедергі келтірген еді.