Астанада LRT станциясында өрт шықты
Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің бір станциясында өрт болды. Оқиғаның себебін оператор компания мен Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) түсіндірді.
15 ақпан күні күндіз №115 станцияда өрт шыққаны туралы хабар шұғыл қызметтерге түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жіберіліп, жалын қысқа уақытта ауыздықталған. Өрттің көрші бөлмелерге таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ.
Астана қалалық ТЖД мәліметінше:
"Құрылыс нысаны аумағындағы аялдама павильонының жертөлесінде түтін байқалған. Электр қалқанындағы кабельдер мен құрылыс қоқысы 10 шаршы метр аумақта жанған, - деп хабарлады ведомство.
City Transportation Systems компаниясы өрттің шығуына құрылыс қалдықтарының жануы себеп болғанын мәлімдеді.
"Нысан конструкциялары мен жабдықтарына зақым келген жоқ. Құрылыс жұмыстарын тоқтатудың қажеті жоқ, жұмыс штаттық режимде жалғасуда", - деп түсіндірді компания.
Еске салайық, ақпан айында LRT желісі тестілік пайдалану кезеңінде. Осыдан кейін желі астаналықтар үшін іске қосылады. Жол жүру тарифтері желі пайдалануға берілер алдында жарияланады.