Оқиғалар

Астанада қайтарылған 7 млрд теңгеге жаңа мектеп салынып жатыр

Қазақстанда мемлекетке қайтарылған активтер әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.

Мектеп асханасы

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасы аясында елордада 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынып жатыр.

Үкіметтің мәліметінше, Астананың Нұра ауданында бой көтеретін білім беру нысанына Арнаулы мемлекеттік қордан 7 млрд теңге бөлінген. Қазір құрылыс алаңында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жаңа мектептің салынуына елорда халқының көбеюі және оқушы орындарының тапшылығы себеп болған. Қазіргі уақытта құрылыс жүргізіліп жатқан аумақта төрт мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Алайда тұрғындар санының өсуіне байланысты білім беру мекемелеріне түсетін жүктеме артып отыр.

1
Фото primeminister.kz/1

Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін № 84, № 85, № 89 және № 97 мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл аудан тұрғындарының білім беру қызметіне қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Айта кетейік, Үкімет мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 610 млрд теңгеден асатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Қаражат еліміздің түрлі өңірлерінде мектептер, медициналық және спорт нысандарын салуға, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуда.

Оның ішінде білім беру саласына жалпы құны 64,4 млрд теңге болатын 17 жоба қарастырылған. Бұл бастамалар жаңа мектептер салуға және балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Астананың Нұра ауданында салынып жатқан мектеп те осы жобалардың бірі. Жаңа білім ордасының ашылуы елордадағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын кеңейтуге ықпал етпек.

Тегтер: мектеп
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз