Оқиғалар

Астанада Қоғамдық кеңестің 10 жылдық қызметі қорытындыланды

Астанада Қоғамдық кеңестің 10 жылдық қызметі қорытындыланды

1

Елорда әкімдігінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманбердінің қатысуымен Қоғамдық кеңестің құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты отырыс өтті. Жиында кеңестің он жылдық жұмысының қорытындысы шығарылып, қаланың өзекті мәселелерін шешудегі рөлі талқыланды. Сондай-ақ елорданың дамуына үлес қосқан қоғам өкілдерінің еңбегі атап өтілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты отырысты ашқан қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді Қоғамдық кеңестің мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтудағы, қоғамдық бақылауды дамытудағы және қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді шешудегі маңызды рөлін атап өтті.

Іс-шара аясында әкім орынбасары Қоғамдық кеңестің төрт шақырылымының мүшелеріне белсенді азаматтық ұстанымы, көпжылдық қоғамдық қызметі және елорданың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.

Жиынға Қоғамдық кеңестің ардагерлері мен қазіргі мүшелері, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, Қазақстан Халық кеңесінің өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқармалардың басшылары және өзге де шақырылған қонақтар қатысты.

Отырысты Астана қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді.

"Осы он жыл ішінде Астана қаласының Қоғамдық кеңесі жаңадан құрылған консультативтік алаңнан маңызды қалалық шешімдерді қабылдау кезінде пікірі ескерілетін беделді институтқа айналды. Оның құрамында елорданың тағдырына бейжай қарамайтын, өз ісінің кәсіби мамандары, ардагерлер мен сарапшылар еңбек етті және әлі де қызмет етіп келеді. Біздің басты міндетіміз өзгеріссіз қалады: тұрғындар мен билік арасындағы сенімді көпір болу, астаналықтардың нақты сұраныстарын мемлекеттік органдарға жеткізу және олардың шешілуіне ықпал ету", – деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Астана қаласының Қоғамдық кеңесі 2016 жылы "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмысын бастады. Он жыл ішінде кеңес бірнеше даму кезеңінен өтіп, елорда үшін маңызды шешімдерді талқылауға азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейтті.

2016 жылы құрылған алғашқы шақырылым құрамына 25 қоғам өкілі енді. Олар қоғамдық мониторинг жүргізу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасаудың негізін қалады.

2019 жылы жұмысын бастаған екінші шақырылым денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және халықты қолдау мәселелеріне, оның ішінде пандемия кезеңіндегі түйткілдерге басымдық берді.

2022 жылы Зұлфұқар Ғайыповтың төрағалығымен құрылған үшінші шақырылым салалық сараптаманы күшейтуге және бюджет үдерістеріне қоғамдық бақылау жүргізуге назар аударды.

Ал 2025 жылы жұмысын бастаған төртінші шақырылым қала аумағының ұлғаюы мен тұрғындардың сұраныстарын ескере отырып, елорданы дамытудың өзекті мәселелерін қарастыруды жалғастырып келеді.

Бүгінде Қоғамдық кеңестің назарында астаналықтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер тұр. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысы, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, қоғамдық көлікті дамыту, қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының қолжетімділігі бар.

Сонымен қатар кеңес мүшелері бюджеттік бағдарламаларды талқылауға қатысып, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды, қоғамдық мониторинг жүргізеді және қаладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлейді.

Он жыл ішінде Қоғамдық кеңес тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы маңызды диалог алаңдарының біріне айналды. Оның қызметі қала тұрғындарының пікірін ескеріп, олардың мүддесіне қатысты шешімдердің қабылдануына ықпал етуге мүмкіндік береді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Астана
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз