Астанадан Франкфуртқа бет алған Air Astana ұшағының қозғалтқышы істен шыққан: Көлік министрлігі тексеріс жүргізеді
Көлік министрлігі Астана – Франкфурт бағыты бойынша орын алған авиациялық оқиғаға қатысты тергеп-тексеру басталатынын хабарлады.
2026 жылғы 8 мамырда KZR921 рейсін орындаған Air Astana әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағында техникалық ақау тіркелген. EI-KGJ тіркеу нөмірлі әуе кемесі Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін экипаж қозғалтқыштардың бірінің істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялаған.
Осыдан кейін экипаж Ақтөбе қаласындағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған.
Ұшақ бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ экипаждың 9 мүшесі болған. Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақытпен сағат 11:34-те штаттық режимде қонды.
Экипаж әрекеті әуе кемесінің жедел пайдалану жөніндегі анықтамалығына сәйкес жүргізілген. Қонғаннан кейін ұшақ тұрақ орнына өздігінен жеткен. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әуежайдың авариялық-құтқару қызметтері мен жерүсті мамандары жұмылдырылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақау себеп болған.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен ұшақтың зақымданғаны туралы ақпарат түскен жоқ.
Министрліктің мәліметінше, оқиға авиациялық ережелерге сәйкес «ауыр инцидент» ретінде тіркелген. Тергеуді Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті жүргізеді. Алғашқы тексеру шараларын өткізу үшін департамент қызметкері оқиға орнына жіберілмек.