Атырау тұрғындары сібір жарасының таралуына байланысты ет сатып алуға қорқады
Атырау тұрғындары сібір жарасы таралуына байланысты ет сатып алуға қорқады. Бұл туралы ATPress.kz жазды.
Енді ет сатушылар шығынға батып отыр.
Бүгінге дейін Атырауда сібір жарасынан үш сиырдың өлуі және «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою цехында екі жұмысшының ауру жұқтыруы тіркелді. Соның салдарынан тұрғындар сиыр етін сатып алуды доғарған.
Ет сатушылар айтқандай, атыраулықтар қой және жылқы етін сақтықпен сатып алып, сиыр етінен мүлдем бас тарта бастады.
«Сиыр еті ең қатаң бақылаудан өтіп жатыр. Жылқы еті мен қой етінің саудасы базарда жүріп тұр. себебі олардан сібір жарасы табылмағандықтан болса керек. Ет мүлдем сатылмай қалуддан қорқып бағаны төмендетуге мәжбүр болдық», - дейді сатушы Эльмира Байдулаева.
Рның айтуынша, етті қорықпай алуға болады, өйткені ол екі рет тексерілгеннен кейін сөрелерге түседі.
Бұған дейін Атырау тұрғынында сібір жарасы анықталғаны хабарланған болатын.
Атырау облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазір науқас ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ауру адамнан адамға жұқпайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында мал базарына әкелінген сиыр сібір жарасынан өлді. 20 қарашада мал базарына карантин енгізіліп, мал сою пункті уақытша жабылды.