Атырауда 51 жастағы әйел емханада дәрі егілгеннен соң көз жұмған
Атырауда 51 жастағы әйел №1 қалалық емхана филиалының емдеу бөлмесінде көз жұмған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. 1972 жылы туған әйел 24 қарашада естуі нашарлағанын айтып, осы емдеу мекемесінің отоларинголог дәрігеріне жүгінген.
«Кейіннен, 13 желтоқсанда ол емдеу бөлмесіне жолдама алу үшін жеке сурдологтың тағайындауымен учаскелік дәрігеріне барды. 14 желтоқсанда сағат 09:15-те бірінші ине салынған соң әйелдің жағдайы нашарлап, есінен танып қалған», - делінген хабарламада.
Жедел жәрдем келгенше дәрігерлер өздері ем-шара жүргізген.
«Алайда сол күйі есін жинамаған әйел сағат 09:51-де жан тапсырады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада.