Әлеумет

Атырауда мұғалімді өлтірген күйеуі 15 жылға сотталды

Атырауда бастауыш сынып мұғалімін өлтірген 63 жастағы ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

сот

Марқұм көзі тірісінде көршісіне күйеуінен қауіптенетінін бірнеше рет айтып, «бір күні түнде оянбай қаламын ба деп қорқамын» деген екен. Тіпті бірде әлдебір жағдай болса деп пәтерінің кілтін де көршісіне қалдырып кеткен. Өкінішке қарай, оның бұл күдігі расқа айналды. Отбасылық қасірет ерлі-зайыптылардың 12 жастағы қызының көз алдында болды.

Сот анықтағандай, ерлі-зайыптылардың арасында ұзақ жылдар бойы қызғаныштан туындайтын жанжалдар жиі болған. Күйеуі әйелін үнемі опасыздық жасады деп күдіктеніп, жүріс-тұрысын бақылаған. Пәтерге бейнекамера орнатып, ұялы телефондағы қосымша арқылы оның жүрген жерін қадағалап отырған.

Қайғылы оқиға болған түні олардың арасында тағы да жанжал шыққан. Кейін әйел 12 жастағы қызымен бірге ұйықтауға жатқан. Түнгі сағат екі шамасында ер адам асүйден пышақ алып келіп, бөлмеге кіріп, әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан.

Анасының айқайынан оянған қызы әкесінен тоқтауын өтінгенімен, ол шабуылын жалғастырған. Әйелге 11 жерден пышақ жарақаты салынып, оқиға орнында көз жұмды.

Бұдан кейін ол қолы мен пышақтағы қанды жуып, киімін ауыстырып, душ қабылдаған. Тек қызы өтінген соң ғана әйелін құтқару мүмкін еместігін түсіне тұра полиция мен жедел жәрдем шақырған.

Сот барысында марқұмның көршісі әйелдің бұған дейін де күйеуінің қоқан-лоққылары туралы айтып жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін мұғалім көршісіне пәтерінің кілтін беріп, «күйеуім бір күні түнде мені пышақтап өлтіруі мүмкін» деп қорыққанын айтқан.

Айыпталушы кінәсін толық мойындағанымен, қылмыс жасаған сәтте аффект күйінде болғанын және пышақты қалай алғанын есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді. Алайда сот-психологиялық және психиатриялық сараптама бұл уәжді растаған жоқ. Сарапшылар ер адамның өз әрекеттерінің мәнін толық түсініп, оларды басқара алғанын және физиологиялық аффект жағдайында болмағанын анықтады.

Сот ер адамды кәмелетке толмаған қызының көз алдында, ерекше қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ сот марқұмның әпкесінің азаматтық талабын толық қанағаттандырып, сотталған азаматтан 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп берді.

Қайғылы оқиғадан кейін 12 жастағы қыз қорғаншылық органдарының қарауына берілді. Ал қылмыс жасалған пәтер түпкілікті шешім қабылданғанға дейін Атырау қаласы әкімдігінің жауапты сақтауына тапсырылды.

Тегтер: Сот Мұғалім
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз