Атырауда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар наразылыққа шықты
Атырау облысы Құлсары қаласының орталық алаңында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар наразылық білдірді.
Ақ жайық басылымының хабарлауынша, олар бүлінген баспаналарының шаршы метрі үшін 400 мың теңгеден төлем талап етуде. Талаптары орындалғанша ондаған адам тұруға ниетті.
Белгілі болғандай, көпшілігі баспаналарын техникалық байқаудан өткізіп, қорытындысын алып үлгерген. Олардың арасында мамандардың келуін күтпегендер де бар. Құлсарылықтардың тағы бір талабы – бағалау мәселесін бір апта ішінде шешіп, сол мерзімде ағымдағы шоттарға төлем жасау.
Жиналғандардың бірі Жазира Құлмұханова үш баламен туыстарының үйінде тұрудан шаршағанын айтып, өз мәселесін тез арада шешуді талап етеді. Оның айтуынша, Жазира Құлсарыдан енді жаңа үй ала алмайды, өйткені ол тұрған жаңа шағын ауданның барлық үйлерін су басқан.
Оларға берілген жер телімдері үш жылдың ішінде игерілу шартымен берілгені белгілі. Жиналғандар арасында су тасқынына дейін бірнеше күн ғана жаңа үйлерінде тұрғандар да бар екені айтылды. Жиналған тұрғындар бұл мәселені Қазақстан Президенті жеке бақылауына алуы керек деп отыр.
Тұрғындар алдына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов пен оның орынбасарлары Гүлнафиз Айшуақова, Нұрболат Сарманов шықты.
– Әкім үйлерді бағалау қорытындысы 15 мамырдан кейін шығады дейді. Бірақ бізге бұрын 2 мамыр күні шығады деген. Біз бұдан әрі күте алмаймыз! – дейді тұрғындар.
Қала басшылығы баспана үшін барлық өтемақы төленеді деп уәде берді. Дегенмен, тұрғындар жиналған жерден кетпей, тұрып алды. Олар аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың өтініші мен уәделерінен кейін түнгі сағат 2-лер шамасында тарап кетті. Тұрғындарға 15 мамырда үйлерді бағалау туралы есеп беруге уәде беріп, осы күнге дейін күтуді сұрады, деп жазады басылым.
Фото: Ақжайық