Оқиғалар

Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы жарияланды

Атырауда өтіп жатқан резонансқа айналған сот процесінде сот-медициналық сарапшылар Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты тың мәліметтерді жария етті.

Сұлтан Сәрсемалиев

Сот отырысында сөз сөйлеген сарапшы Сержан Сейдешевтің айтуынша, бұған дейін айтылған 32 пышақ жарақатының барлығы жеке соққыны білдірмейді. Кей жағдайларда бір ғана соққы бірнеше жарақат ретінде тіркелуі мүмкін.

Маманның түсіндіруінше, сараптама барысында бес жағдайда бір соққы екі түрлі зақым ретінде есептелген. Соның нәтижесінде марқұмға нақты 27 рет соққы жасалғаны анықталған.

Сарапшының мәліметінше, жәбірленушінің өмірін қиған негізгі жарақаттар төртеу болған. Олар жүрекке, сол жақ өкпеге және бауырға ауыр зақым келтірген.

Сотта сондай-ақ Наурыз Мұқанғалиевтің мәйітіне қатысты да түсініктеме берілді. Бұған дейін оның бас сүйегінің денеден қалай бөлінгені қоғамда түрлі сауал туғызған еді.

Сот-медициналық сарапшының пікірінше, мәйіттің ұзақ уақыт жер астында жатуына байланысты бас сүйек табиғи ыдырау процесінің әсерінен өздігінен бөлінуі мүмкін.

Оның айтуынша, эксгумация кезінде мәйітте жұмсақ тіндер толық дерлік сақталмаған, сондықтан сүйек бөліктерінің ажырауы табиғи құбылыс ретінде қарастырылады.

Атырауда кісі өлтіру дерегі бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Іс бойынша барлық дәлелдер мен сараптама қорытындылары кезең-кезеңімен зерттелуде.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз