Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 19:55

Атыраудағы отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікті Индонезияда ұсталды

1
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген ер адам Индонезияда ұсталды.

 Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке сәйкес, ҚР ІІМ қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлесіп, Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстаған.

Онымен бірге бұрын хабар-ошарсыз кеткен ретінде халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында күдікті Атырау облысында ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар мен пайдакүнемдік ниетпен екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, іске асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ол ізді жасыру мақсатында мәйіттерді қораға көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен ақшасын иемденген.

Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске салсақ, 2025 жылы Жангелдин ауылында тұратын отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен еді. 6 қаңтарда Атырау облысында жоғалған отбасының екі мүшесінің – отағасы Мақсот Қарабалин мен жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылғаны хабарланған. Кейін іс бойынша күдіктілердің жеке басы анықталды.

7 қаңтарда қылмысқа қаза тапқандардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті екені хабарланған. 8 қаңтарда оған іздеу жарияланғаны белгілі болды.