Атыраудағы отбасы мүшелерін өлтірді деген күдіктінің Индонезияда ұсталғаны түскен видео тарады
Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген ер адам Индонезияда ұсталды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, ҚР ІІМ қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлесіп, Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстаған.
Онымен бірге бұрын хабар-ошарсыз кеткен ретінде халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында күдікті Атырау облысында ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар мен пайдакүнемдік ниетпен екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, іске асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ол ізді жасыру мақсатында мәйіттерді қораға көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен ақшасын иемденген.