Әуетакси қанат қаққанша: Қазақстан жаңа көлік дәуіріне дайын ба?
Алматы облысының Алатау қаласында eVTOL әуе таксиі тексеруден өтті. Әзірге мұндай сынақ Орталық Азия бойынша алғаш рет біздің елімізде жүзеге асып отыр. Alatau Advance Air Group (AAAG) инновация компаниясы таныстырған әуетакси қызметінің елге келуіне Қытай мен Оңтүстік Кореяның инженерлері жұмылдырылған.
Электр қуатымен тік ұшып-қонатын eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing) аппараты сыртқы келбеті жағынан тікұшақ пен шағын ұшақтың гибридіне ұқсайды. Негізінен қысқа қалалық және қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсетеді. Қала ішінде әуе арқылы қатынаудың жаңа форматы дәл қазіргі кезде тиімді болып тұр. 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған аэротакси көлік кептелісін азайтуға, туристік нысандарды байланыстырып, діттеген жерге тез жетуге мүмкіндік береді. Басқа әуе көлік түрлерімен салыстырғанда дыбысы әлдеқайда бәсең және көмірқышқыл газын шығармайды. Мамандардың айтуынша, экология жағынан таза, қауіпсіз және техникалық қызмет көрсету тұрғысынан әлдеқайда арзан. Ал сағатына 200 шақырым жылдамдықпен әрі ұшқышсыз ұшатын еVTOL әуекөлігі бес жолаушыны отырғызып алып, Алатаудан Алматы қаласына әрі кетсе 15 минутта қонады. Болашақта Алматының Медеу, Тұңғыш президент саябағы, әуежай, қаржы орталығына қонатын төрт вертипорт салу қолға алынбақ. Әуетаксиді кәдімгі мобильді қосымша арқылы тапсырыс беріп, шақыра аласыз. Әзірге бағасы қанша болатыны туралы ақпарат жоқ. Бірақ әлемдік тәжірибеге қарасақ, алғашқы кезеңде әуетакси қызметі арзан болмайды. Себебі инфрақұрылым, батарея технологиясы, қауіпсіздік жүйесі және сертификаттау шығыны өте қымбат. Сарапшылардың болжамынша, алғашқы жылдары бұл қызметті көбіне бизнес өкілдері, туристер мен премиум сегмент қолдануы мүмкін. Кейін технология арзандаған сайын ғана бұқаралық көлікке айналуы ықтимал. Оған дейін сынақтан толыққанды өткізіп, арнайы заң қабылдап, инфрақұрылым жүргізіліп, ережелері мен талаптарын бекітіп алу қажет.
Әуетаксидің сынаққа дейінгі жұмысына жауапты Autoflight (Қытай) компаниясының бірінші вице-президенті Келлен Сенің пікірінше, біз ұсынған көліктің үш түрі бар. «Біріншісі – адам жеткізеді, екіншісі – жүк тасымалдайды, ал үшіншісі – төтенше жағдай кезінде қолданылады. Бүгін таныстырылған әуетакси 500 келіге дейін салмақты көтеріп, 300 метрге дейін биікке ұшады», – деді Келлен Си.
Alatau Advance Air Group ltd. компаниясының өкілі Дастан Зайнолда халықаралық дейгейде әуетаксимен адам тасуға әлі рұқсат жоқ екенін жеткізді. «Мұның бәрі пысықталып, ережесі, заңнамалық нормасы қабылдануы керек. 2028 жылдың соңына таман әуетакси біртіндеп сатыла бастаса, 2027 жылдың бірінші жартысында бұл қондырғы әлемдік ұйымдардың сертификатына ие болуы тиіс», – деді Alatau Advance Air Group ltd. компаниясының өкілі.
Әуетаксидің таныстырылымына қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мұны отандық көлік саласының тарихындағы айтулы жаңалыққа балады. «Жақында ғана президент «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойды. Қала келешекте экономикалық өсім үшін қолайлы экожүйеге айналады. Ал бүгінгі жоба – озық технологиялар мен «ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам», – деді аймақ басшысы.
Сол сияқты Alatau City Authority-дің бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров өз сөзінде игі бастаманың беретін мүмкіндіктеріне тоқталды. «Бұл тек жаңа технологияны таныстыру емес, сонымен қатар инновация мен цифрлық технологияға негізделген жаңа қаланың даму кезеңінің бастамасы. Alatau City – болашақтың қаласы. Сондықтан еліміздің әуе мобильділігі мен жаңа индустриясының дамуы дәл осы жерден басталуының символдық мәні зор. Біздің мақсат – технологияны жай ғана енгізу емес, оның толыққанды экожүйесін қалыптастыру. Яғни қажетті инфрақұрылым құру, инженерлік саланы дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу», – деді ол.
Іс-шара аясында AutoFlight компаниясының жолаушыларға арналған eVTOL әуетаксиінен бөлек, дрондар арқылы жүк жеткізу жүйелері және қалалық әуе кеңістігін басқаруға арналған цифрлық UATM жүйесі таныстырылды.
AAAG және Қазақстандағы eVTOL әуетаксиі қалай дамиды?
«Alatau Advance Air Group Ltd.» (AAAG) жеке компаниясы – штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан инновациялық кәсіпорын. Компания авиация, инженерия, цифрлық шешімдер және әуе қозғалысын басқару саласындағы сарапшыларды біріктіреді.
AAAG төмен биіктіктегі экономикаға (Low Altitude Economy) арналған технологиялар мен инфрақұрылымды дамытуға маманданған және Қазақстан мен Орталық Азияда қауіпсіз әрі тиімді қалалық әуе мобильділігі (Urban Air Mobility, UAM) экожүйесін қалыптастыруды мақсат етеді.
АҚШ, Бразилия, Еуропа және Қытайдағы eVTOL өндірушілері арасында өткізілген халықаралық тендер нәтижесінде екі жеткізуші компания таңдалды. AAAG қызметкерлері дайындықтан өтіп, үшінші санаттағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларының сертификатын алды. Сонымен қатар ҰАЖ қолдану арқылы авиациялық жұмыстарды орындауға рұқсат берілді. Қазіргі таңда республикалық деңгейдегі авиациялық заңнамаға және Алатау қаласының жергілікті нормативтік-құқықтық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті. Мұнымен қоса алдыңғы қатарлы әуе мобильділігіне қатысты ережелер «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға енгізілді.
2025 жылдың қазанында Сеулде өткен Alatau Rise роуд-шоуы аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, Korean Airports Corporation және AAAG арасында Қазақстанда UAM-ды дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Италиялық UrbanV операторымен және Корея Әуежайлар корпорациясымен (KAC) бірлесіп, Алатау қаласының Golden ауданында Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі орталығы әрі болашақ вертипорт болатын UAM Center Eurasia жобасын әзірлеу басталды.
Қытай қалай eVTOL нарығын жаулап барады?
Бүгінде әлемде eVTOL саласында Қытай көш бастап тұр. AutoFlight – осы нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірі. Компания 2024 жылы Шэньчжэнь мен Чжухай қалалары арасында 50 шақырымдық әуе рейсін 20 минутта еңсеріп, коммерциялық тасымал мүмкіндігін дәлелдеді. Қытай бұл саланы жай технология емес, жаңа экономикалық бағыт ретінде қарастырады. Төмен биіктіктегі экономика елдің 15 жылдық даму жоспарына енгізілген. Сарапшылар 2026 жылға қарай Қытайдағы eVTOL нарығының көлемі 1,5 трлн юаньға жетуі мүмкін екенін айтады.
Компания жетістігіне өнеркәсіптік ҰАЖ, 400 келі жүк көтеретін жүк eVTOL аппараттары, 5 орындық және әлемде сирек кездесетін 10 орындық жолаушылар eVTOL аппараттары, сондай-ақ су бетіне қонуға арналған экологиялық мобильді вертипорттар кіреді. Компания шешімдері көлік, логистика және төтенше жағдайлар саласында кеңінен пайдаланылады. Бүгінде AutoFlight CATL компаниясымен стратегиялық әріптестік аясында жұмыс істейді.
Компанияның негізін қалаушы Тянь Юй 2008 жылы Еуропадағы алғашқы сертификатталған бір орындық электрлі ұшақты, ал 2009 жылы екі орындық электрлі ұшақты жасап шығарды. 2011 жылы ол бүкіл AutoFlight желісінің технологиялық негізіне айналған Lift & Cruise конфигурациясына әлемдегі алғашқы патентті алып, Гуанчжоу мен Хэфэй қалаларында әлемдегі алғашқы коммерциялық жолаушылар тасымалы ресми түрде іске қосылды. Сондай-ақ Оңтүстік Қытай теңізіндегі мұнай платформасына операцияларды (158 шақырым), таулы аймақтардағы жүк тасымалын, сондай-ақ SF Express және JD Express-пен бірге шалғай өңірлерге дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізу жұмыстарын орындады. Porsche Management Consulting бағалауынша, 2030 жылға қарай әлемдік eVTOL нарығындағы Қытайдың үлесі 25-30%-ды құрайды.
Компанияның ұшу аппараттарын сертификаттау жөніндегі еуропалық орталығы Германияда орналасқанмен, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар Шанхай мен Шэньчжэньде жүргізіледі, ал өндіріс Куньшань қаласындағы зауытта жүзеге асырылады.
Оңтүстік Корея әлемде алғаш болып UAM (Urban Air Mobility Act) туралы арнайы заң қабылдап, аэротаксилерді коммерциялық пайдалануға құқықтық негіз қалыптастырды. Аталған заң 2024 жылы күшіне енді.
Қазақстан бұған дейін де бірнеше ірі технологиялық жобаны бастап, аяғына жеткізе алмай қалғанын білеміз. Сондықтан бұл бастамаға қатысты да қоғамда күмәннің болуы заңды. Дегенмен осы жолғы айырмашылық – жобаның артында нақты технологиясы бар халықаралық компаниялардың тұруы және әлемдік трендпен үндесуі. Ең бастысы, Қазақстан бұл процесте жай бақылаушы болмай, жаңа индустрияның бір бөлігіне айналуға тырысып жатыр. Егер заң, инфрақұрылым және қауіпсіздік жүйесі уақытылы қалыптасса, Алатау қаласы шынымен Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды әуе мобильділігі» орталығына айналуы мүмкін. Бәлкім, бүгін біз көрген әуетакси – ертеңгі күннің қалыпты қоғамдық көлігіне айналар.
Динара Мыңжасарқызы