Ауғанстан шенеуніктері «Талибан» тыйымынан кейін смартфондарын көпшілік алдында сындырып жатыр
Әлеуметтік желілерде Ауғанстандағы мемлекеттік қызметкерлердің өз смартфондарын көпшілік алдында сындырып жатқан видеолары тарады.
Хабарларға қарағанда, телефондарды жою процесі арнайы видеоға түсіріледі. Осылайша шенеуніктер гаджеттерге тыйым салу туралы бұйрықты орындап жатқанын көрсетуде.
Бұған дейін Ауғанстанда мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға ресми түрде тыйым салынған болатын.
Afghanistan International басылымы алған құжатқа сәйкес, «Талибан» қозғалысының жетекшісі Хибатулла Ахундзада ауызша бұйрық беріп, қозғалыс мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға тыйым салған.
Құжатта талапты бұзғандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін тұлғалар ретінде сипатталған. Сонымен қатар мұндай істердің әскери сотта қаралу ықтималдығы да айтылған.
Әскери сот қызметкерлеріне бұйрықтың толық орындалуын қамтамасыз ету және оның орындалғаны жөнінде «Талибан» басшылығына кепілдік беру тапсырылған.
Бұдан бөлек, арнайы бақылау тізімі жасалған. Онда бақылаудағы әр адамның аты-жөні, лауазымы, жұмыс орны және ұялы телефон нөмірі тіркеледі.
Мәлімет бойынша, бұл бұйрықты «Талибанның» Әділет министрлігі елдің сегіз аймағындағы Жоғарғы соттың әскери бөлімшесіне қарайтын әскери соттардың басшыларына жолдаған.
Сондай-ақ директива туралы өңірлердегі полиция командирлері мен барлау қызметтерінің жетекшілеріне хабарланған.
Айта кетейік, 2025 жылы Хибатулла Ахундзада «Талибан» мүшелерін смартфон пайдалануды азайтуға шақырған болатын. Енді бұл бастама толық тыйым түрінде жүзеге асырыла бастады.