Ауғанстандағы жойқын су тасқыны: 100-ден астам адам мен қала мэрі із-түзсіз жоғалды
Ауғанстанның шығысындағы Нуристан провинциясында нөсер жаңбырдан кейін болған алапат су тасқыны салдарынан кемінде 20 адам қаза тауып, 100-ден астам тұрғын хабар-ошарсыз кеткен.
Табиғи апат ең көп Парун қаласына зиянын тигізген. Су тасқыны тұрғын үйлер мен сауда орындарын қиратып, көптеген көшені су басқан. Хабар-ошарсыз кеткендердің арасында қала мэрі де бар.
Талибанның метеорологиялық қызметі сәрсенбіге дейін елдің 34 провинциясының 10-ында нөсер жауын мен су тасқыны қаупі сақталатынын ескертті. Осыған байланысты тұрғындарға өзен жағалаулары мен су басу қаупі жоғары аймақтарға бармауға кеңес берілді.