Аймақ

Абай облысында жыл басынан бері 4 954 мәдени іс-шара өткізілді

Абай облысында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі салаларында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

1

 Жыл басынан бері өңірде 4 954 мәдени іс-шара өткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

Бүгінде облыста мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі саласында 299 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 137 кітапхана, 132 клуб пен мәдениет үйі, 10 музей және 9 архив бар.

Мәдениет үйлері мен клубтарда өткізілген іс-шараларға 386 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар 468 үйірмеге 6 993 адам қатысады, "Халықтық" атағы бар 59 шығармашылық ұжым жұмыс істейді.

Жанжігіт Омархан
Фото Абай облысы әкімдігі/Жанжігіт Омархан

– Абай атындағы театрдың үш шығармашылық труппасында 103 әртіс еңбек етеді. Биыл қазақ музыкалық-драма труппасы 8 жас актермен толықты. Театрда 195 спектакль көрсетіліп, оларды 46 мыңнан астам көрермен тамашалады, – деді Жанжігіт Омархан.

Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда 111 концерт өткізіліп, 21 мыңнан астам көрермен қамтылды. "Абай елі – өнер кеніші" облыстық байқауына 10 ауданнан 2 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Ал "Алакөл алаулары – 2026" фестивалінің концерттік бағдарламаларын 75 мың көрермен тамашалады.

Музейлердің қорында 178 мыңнан астам құндылық сақтаулы, оның 43 мыңнан астамы цифрландырылған. Музейлерде 851 іс-шара өткізіліп, 76 мыңнан астам келуші қабылданды. Сонымен қатар 13 жаңа экспозиция жасалып, 111 көрме ұйымдастырылды.

– Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі мен Ф. М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен бірге Достоевский музейінің 55 жылдығына арналған халықаралық ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізілді, – деді басқарма басшысы.

1
Фото Абай облысы әкімдігі/1

Кітапхана қорында 2 миллионнан астам кітап бар, оның 927 мыңнан астамы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Кітапханаларда 4 621 іс-шара өткізіліп, оған 130 мыңнан астам адам қатысты. Тұрақты оқырмандар саны 123 мыңнан асты.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қолдауымен "Jana Klub" жобасы аясында 30 ауылдық кітапхананы жаңғырту жоспарланған. Бірінші кезеңге 15 кітапхана енгізіліп, алғашқы жаңартылған кітапхана Абай ауданының Қарауыл ауылында ашылды.

– Біздің мақсатымыз ауыл кітапханасын балалар мен жастар білім алатын, шығармашылықпен айналысатын, цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланатын және тұрғындар бас қосатын заманауи қоғамдық кеңістікке айналдыру, – деді Жанжігіт Омархан.

Мемлекеттік тілді дамыту бағытында 167 түсіндіру жұмысы жүргізіліп, 1 755 нысан қамтылды. 140-тан астам заң бұзушылық анықталып, оның 91-і талапқа сай ретке келтірілді. Мемлекеттік органдардың шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 97,2 пайызды құрады.

Ағымдағы оқу жылының бірінші кезеңінде 1 211 тыңдаушы қазақ, ағылшын, орыс және татар тілдері бойынша курстарға қатысып, оның 748-і қазақ тілін оқыды. Қысқа мерзімді тілдік клубтарда тағы 181 адам білім алып, 386 тыңдаушыға сертификат берілді.

Архив саласында 9 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Есепті кезеңде архив қоры 2 969 сақтау бірлігіне толықтырылып, 1 629 сақтау бірлігі цифрландырылды. Цифрланған құжаттардың жалпы көлемі 16 045 сақтау бірлігіне жетті.

Өңірде мемлекеттік тізілімге енгізілген 416 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның 13-і республикалық маңызы бар. Невзоровтар отбасы атындағы музейдің тарихи ғимаратында екі жылдық реставрация басталды, ал В. Г. Чернышевский атындағы № 1 мектеп ғимаратындағы жұмыстар аяқталды.

Мәдениет инфрақұрылымы да жаңартылуда. Бесқарағай ауданындағы Беген, Ерназар және Глуховка ауылдарында үш мәдени нысан салынып жатыр. Биыл Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу және Ақсуат ауданының Көкжыра ауылдарында 100 орындық екі ауылдық клуб пайдалануға берілді.

Тегтер: Абай облысы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз