Оқиғалар

Тоқаев Германияның Handelsblatt басылымына мақала жазды. Президент не айтты?

Тоқаев Германияға стратегиялық шикізатты бірлесіп игеріп, дайын өнім шығаруды ұсынды

Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Handelsblatt басылымында жарияланған мақаласында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттарын атады. Мемлекет басшысы Қазақстан Еуропа үшін стратегиялық маңызы бар 34 шикізат түрінің 21-ін өндіретінін айтып, неміс компанияларына пайдалы қазбаларды игеруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбекті бірлесіп құруды ұсынды.

Президент мақаласында Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас соңғы отыз жылдан астам уақытта өзара сенімге негізделген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Оның мәліметінше, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9 млрд долларға жуықтаған. Қазір Қазақстанда Германия капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелген.

Тоқаев экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін шикізат экспортынан бөлек, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беру қажеттігін жеткізді.

Қазақстан Германия нарығына қосымша 80-нен астам өңделген өнім түрін жеткізуге мүмкіндік бар деп есептейді. Әсіресе металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады.

Қазақстан Еуропаға қажетті 21 түрлі стратегиялық шикізат өндіреді

Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек және стратегиялық маңызды металдар саласындағы әлеуетіне ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, елімізде Еуропа экономикасы үшін маңызды саналатын 34 шикізат түрінің 21-і өндіріледі. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар.

Бұл ресурстар электр энергетикасы, машина жасау, микроэлектроника, цифрлық технологиялар және өнеркәсіп өндірісі үшін қажет.

Президент Германияға шикізатты дайын күйінде жеткізумен шектелмей, геологиялық барлау, өндіру, өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта пайдалану кезеңдерін қамтитын толық өндірістік жүйені бірлесіп қалыптастыруды ұсынды.

Германияға 10 млн тоннадан астам мұнай жеткізілген

Мақалада энергетикалық ынтымақтастық мәселесі де қозғалды.

Тоқаевтың келтірген деректеріне сәйкес, Қазақстан Еуроодақтың мұнай импортының шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 20 пайызын қамтамасыз етеді.

2025 жылы Германияға экспортталған қазақстандық мұнай көлемі 10 млн тоннадан асқан.

Мемлекет басшысы Қазақстан қолданыстағы көлік мүмкіндіктерін ескере отырып, энергия ресурстарын тұрақты жеткізуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар жаңартылатын энергетика, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарында Германиямен ынтымақтастықты кеңейтуге болатынын атап өтті.

Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүктің 85 пайызы өтеді

Президент Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөліне де назар аударды.

Оның мәліметінше, Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағынан өтеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 40 млн тоннаға жуықтаған.

Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 22 пайызға, Шығыс – Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға артқан.

Тоқаев жаңа инфрақұрылымдық жобалар Қытай мен Еуропа арасындағы тасымал жолын 1000 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік беретінін жазды.

Сондай-ақ Германия компанияларын Қазақстандағы әуе жүк тасымалы мен авиациялық хабтарды дамытуға белсенді қатысуға шақырды.

Жасанды интеллект пен маман даярлау да назарда

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы болашақ серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі ретінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын атады.

Оның пікірінше, қазіргі экономикада тауар тасымалы мен деректер алмасу бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан цифрлық технологияларды енгізу Қазақстан мен Германияның экономикалық байланысын нығайтуға ықпал ете алады.

Президент білікті мамандар даярлау мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, Германияның білім беру стандарттары бойынша оқыған қазақстандық инженерлердің бірлескен кәсіпорындарда еңбек етуін екі ел серіктестігінің болашақ үлгісі ретінде сипаттады.

Мақаланың соңында Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатта өзара құрмет, мемлекеттердің егемен теңдігі және халықаралық құқық қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.

Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Германияның экономикалық мүмкіндіктерін біріктіру Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

Тегтер: Тоқаев
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз