Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды
Бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттары жаңа бірпалаталы парламенттің төрағасын сайлады. Бұл қызметке Айбек Дәдебай сайланды.
Оның кандидатурасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында ұсынды.
Айбек Дәдебай 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әр жылдары Парламент Сенатының аппаратында, Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігінде және Президент Әкімшілігінде қызмет атқарған.
2022-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болды. 2024 жылдан 2026 жылға дейін Президент Әкімшілігін басқарды. 2026 жылдың мамырында «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды.
Айта кетейік, 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауында «Әділет» партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Партия 71,17 пайыз дауыс жинап, 145 орындық Құрылтайда 110 депутаттық мандатқа ие болды.
Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға бес саяси партия өтті. «Әділеттен» бөлек, 5 пайыздық межені «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еңсерді. Қазақстан Халық партиясы мен «Байтақ» партиясы қажетті дауыс жинай алмай, Құрылтайға өткен жоқ.
Сондай-ақ бүгін Құрылтай төрағасының үш орынбасары сайланды. Вице-спикер қызметіне Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева бекітілді.
Нұрлан Бекназаров бұған дейін VIII шақырылымдағы Парламент Сенатында Шымкент қаласының атынан депутат болды. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін басқарды.
Дания Еспаева – «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы. VIII шақырылымдағы Мәжілісте вице-спикер қызметін атқарған. 2019 жылы ол Қазақстан тарихында президенттікке кандидат ретінде ұсынылған алғашқы әйел болды.
Динара Зәкиева 2023 жылдың маусымынан бері Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. Бұған дейін VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған және «Қамқорлық қоры» қоғамдық қорын басқарған.
Құрылтай төрағасының орынбасарлары спикердің тапсырмасы бойынша жекелеген міндеттерді атқарады және төраға болмаған жағдайда оның қызметін алмастырады.