Әйеліне қол көтерген ер адам татуласу арқылы жауапкершіліктен құтыла алмайды
Бас прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сот шешіміне наразылық білдіріп, істің қайта қаралуына қол жеткізді.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам жұбайының денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Әйелімен татуласқаннан кейін ол қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Алайда арада көп уақыт өтпей, ер адам қайтадан жұбайына күш көрсеткен.
Екінші жағдайда да тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Прокуратура мұндай шешіммен келіспей, кассациялық наразылық енгізді.
Нәтижесінде сот актісінің күші жойылып, іс ер адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін шешу үшін қайта қарауға жіберілді.
Бас прокуратура мұндай жағдайдың жалғыз емес екенін атап өтті. Ведомство бұрын татуласуына байланысты жауаптылықтан босатылған адамдарды дәл сол негізде қайтадан жауаптылықтан босатқан тағы үш сот актісіне наразылық келтірген.
Маңыздысы, 2024 жылдан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауаптылық күшейтілді. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік емес, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады.
Сондықтан заң талаптарына сәйкес, бұрын татуласу негізінде жауаптылықтан босатылған адам кейін қайтадан қасақана құқық бұзушылық жасаса, оны тағы да татуласу арқылы жауаптылықтан босатуға жол берілмейді.
Прокуратура мұндай істер бойынша заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.