Қоғам

Айтбек Амангелді Бишімбаевтың қарындасымен соттасты

Әлеуметтік желіде соңғы күндері марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен Қуандық Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева арасындағы сот дауы қызу талқыланып жатыр. Дауға Instagram желісіндегі жазбалар мен «хайп» туралы айыптаулар себеп болған.

Айтбек Амангелді

Threads желісінде тараған қысқаша жазба жарты миллионға жуық қаралым жинап, пікірталас тудырған. Қолданушылар Салтанат Нүкенованың қазасынан кейінгі қоғамдық реакция мен оның ағасына бағытталған сынның қаншалықты орынды екенін талқылаған.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың күзінде Аружан Бишімбаева Instagram стористерінде Айтбек Амангелдіге қатысты бірнеше эмоционалды жазба жариялаған. Онда ол Нүкенованың ағасын «қарындасының қазасын хайпқа айналдырды» деп айыптаған.

«Кітап жазыпты. Одан да “оның аты Салтанат” дегенді пайдаланып, ағамды оңай ақша үшін айналымға қалай салғандарыңды мойындап жазсаңшы», – деген мазмұндағы жазбалар сот құжаттарында келтірілген.

Сонымен қатар Бишімбаева Айтбек Амангелдіні «халықты аяушылық арқылы алдап ақша тауып жүр» деп те айыптаған.

Айтбек Амангелді бұл мәлімдемелердің ар-намысына нұқсан келтіретінін айтып, соттан оларды жалған деп тануды талап еткен. Ол моральдық шығын ретінде символикалық 100 теңге сұраған.

Сот барысында бірнеше лингвистикалық сараптама ұсынылған. Талапкер жағының сарапшылары кейбір сөздер нақты айыптау сипатында айтылғанын және адамның беделіне нұқсан келтіретінін көрсеткен. Ал жауапкер тарапы бұл пікірлерді «эмоция мен субъективті көзқарас» деп бағалаған.

Нәтижесінде сот Айтбек Амангелдінің талабын ішінара қанағаттандырды. Аружан Бишімбаеваның бірнеше мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді және ар-намысқа тиеді деп танылды. Атап айтқанда:

– «ағамды оңай табыс үшін пайдаланды»;
– «серіктерің Telegram арқылы қорқытып, қорғаудан бас тартуды талап етті»;
– «екі жылдан бері халықты алдап, аяушылық арқылы ақша тауып жүр» деген сөздер.

Сот Аружан Бишімбаеваны бұл мәлімдемелерді Instagram сторисінде теріске шығаруға міндеттеді. Сонымен қатар одан 100 теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңгеден астам сот шығындары өндірілетін болды.

Алайда талаптың қалған бөлігі бойынша сот Айтбек Амангелдіге қолдау білдірмеді. Шешім әлі апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

Еске салайық, экс-министр Қуандық Бишімбаев 2023 жылғы қарашада жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу мәліметінше, Астанадағы BAO мейрамханасында болған жанжал кезінде ол әйелін аяусыз соққыға жыққан.

Сот Қуандық Бишімбаевты ерекше қатыгездікпен адам өлтіру және азаптау баптары бойынша кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз