«Балаларымызды «ЗЭК» сияқты жүргізген». Қызылордадағы мейірімсіз балабақша
Қызылорда қаласындағы «Нұр-Әлемі» балабақшасындағы бүлдіршіндердің ата-аналары тәрбиешілердің қатыгездігіне шағымданып жатыр.
Олардың айтуынша, бөбекжай қызметкерлері бүлдіршіндерге қол көтеріп, себепсіз жазалап келген. Тіпті түрмеде отырған азаматтар секілді қолдарын бастарына қойып жүргізген көрінеді. «Жас Алаш» тілшісі аталған балабақшаға барып, ата-аналармен тілдесті.
«Нұр-әлемі» балабақшасы облыс орталығында орналасқан, мекеме әр бала басына мемлекеттен субсидия алады. Соған қарамастан, балабақшадағы жағдай күрделі. Ата-аналар мұндай қатыгездікті көріп, шошығандарын жасырмайды. Балаларын бөбекжайға аманаттап тапсырған жандар әділеттіліктің орнауын талап етеді.
«Менің егіз ұлым осы балабақшаға баратын. Ересектер тобында тәрбиеленетін. Соңғы уақытта балаларым өте қатты өзгеріп кетті. Жасқаншақ болып кеткен, қасына жолап қалсаң, қорқып кетеді. Түнгі ұйқылары да дұрыс емес, бөбекжайдан қарындары ашып келеді. Содан балабақшаға бардым, тәрбиеленушілерімен сөйлестім. Камераны аштыруды талап еттім, шынымды айтсам, мұндай қатыгездіктен өзім шошындым. Ұлым апайының алдында қолын ЗЕК-тер секілді көтеріп бара жатыр. Бұл не сұмдық, балаларымызды осынша қорлауға қызметкерлерге кім рұқсат берді?» – дейді Бибінұр Қаражанова.
Шағымданушылар бөбекжай камерасы жазбасынан балаларын ұрып жатқан тәрбиешілерді көрген. Бүлдіршіндерге тамақ та талапқа сай берілмей келіпті. Кіші топ бүлдіршіндері тіпті мұздай еденде ұйықтап, бір табақтан ас ішкен.
«Менің балам бұл балабақшаға бар болғаны үш ай ғана барды. Басынан иіскейін десең, бірден қолымен қорғанады. Әбден үркіп қалған. Камера жазбасын қарағанымызда, балалар бірнеше сағат қозғалмай отырғанын көрдік. Қимылдаған баланы апайы басынан ұрған, аяусыз жұлқылаған», – деп ашынады Нұрсәуле Сәмбетбаева.
Ата-аналардың айтуынша, шу шыққаннан кейін балабақшада кіші және ересек топтар жұмысын тоқтатыпты. Бөбекжай қызметкерлері де бірінен соң бірі жұмыстан кетіп жатқанға ұқсайды. Бүгінде ата-аналар құзырлы органдарға жүгінген.
«Бұл балабақшаға менің екі балам да баратын, тәрбиешілері топтары жабылғанын ортақ чатқа жазып жіберді. Жаздыгүні балам бөбекжайдан шығып кеткен. Қызметкерлерінің жауапсыздығынан ұлыма қауіп төнген еді. Ол кезде көз жұма қарадым, кешірім бердім. Бірақ мына жағдай тіпті сұмдық қой. Балаларымызды қорқытқан, ұрған. Кінәлілер жазасын алуы тиіс», – дейді тағы бір ата-ана Қарлығаш Медетова.
Тәртіп сақшыларына біз де жүгінеміз
Бөбекжай құрылтайшысымен телефон арқылы тілдестік. Басшының айтуынша, балабақшадағы келеңсіз жағдайға ата-ананың өздері себепкер екен. Бірнеше ана бірлесіп, тәрбиешілерді балағаттап, қол көтеріп, ішкі тәртіпті бұзған көрінеді.
«Әрине, біз болған жағдайды жоққа шығара алмаймыз. Видеода балаға қол көтерген тәрбиешілер қатаң сөгіс алып, жұмыстарынан босатылды. Қазір балабақша қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр, топтар жабылған жоқ. «Нұр-әлемі» 2015 жылы ашылған, 100 орынға арналған. Ата-аналарымыз өздерін өте агрессивті ұстады тіпті қызметкерлерімізге қол көтерді. Бүгінде бөбекжайдан жұмыстан шығарылған мамандар ауруханада ем алып жатыр. Біз де өз кезегімізде тәртіп сақшыларына жүгінеміз», – деп мәлімдеді бөбекжай құрылтайшысы Құралай Жұмағалиева.
Расымен, бүгінде балабақшадағы мәселеге құқық қорғау органдары да араласып жатыр.
«Бұл дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді, басқарманың ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Құқықбұзушыға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді және Білім басқармасына ұсыныс жолданды», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал Қызылорда облыстық білім басқармасы жағдай бақылауға алынғанын айтып, аса сабырлы болып отыр.
«Аталмыш балабақша – жеке нысан, қалалық білім бөлімі арқылы қаржыландырылады. Қазір басқарма тарапынан қалалық білім бөліміне тиісті тапсырмалар берілді. Бөлім мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Нәтижесі қосымша хабарланады», – деді басқарманың баспасөз қызметі.
Жалпы психолог мамандар адамның психологиясы бала кезінен қалыптасатынын айтады. Балалық шағында көп ұрыс естіп, қатыгездікті көрген тұлғаның мінезі тұйық, жасқаншақ болып өсуі әбден мүмкін екенін жасырмайды.
«Балаға физикалық күш көрсету, психологиялық қысым жасаудан жеке шекарасы бұзылады. Кейін қоғамда, адамдармен араласқан кезде өзін қорғай алмайды. Өмір жолында кездескен адамдардың бәріне ренжігіш, көңіліне алғыш болып өседі. Жалпы өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі кабылдауы артта калады. Негізі бала біреу ұрып-соқса, ата-анасының ұрып-соққанына шыдаған сияқты төзе береді. Салдарынан әр нәрсеге агрессивті көзқарас танытатын не өзін жәбірленуші сезінетін адам өсіп шығады. Ең сорақысы, бала таяқ жегенін есінде мәңгі сақтап қалады. Ең жаманы, әке-шешесін емес, өзін жек көре бастайды. Есейгенде өмірден де таяқ жеймін деген қорқынышпен жүреді. Бұның бәрі бала жүрегіндегі мейірімділікті өлтіреді. Оның орнына кек алу сезімі билейді. Сөйтіп, ондай баладан өзін махаббатқа, жақсы нәрселерге лайық емес тұлға сезінетін, өзіне сенімсіз, кекшіл, мейірімсіз адам шығады», – дейді психолог Әсел Әбдеш.
Балабақша иесінің еш қымсынбастан «ондай жағдайдың болғанын жоққа шығармаймыз, біз де тәртіп сақшыларына жүгінеміз» деуі де бұл тарапта «күрестің» басқа сипат алып бара жатқанын көрсетеді. «Ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деген ұстаным сияқты. Қазіргі таңда балалармен психологтар жұмыс істеп, бүлдіршіндерді түрмедегідей ұстаған «тәрбиешілер» тиісті органдар алдында жауап беріп жатуы тиіс еді ғой. Ал олар ата-аналардың үстінен шағым түсірмек.
«Жас Алаштың» мәліметі: «Нұр-Әлемі» балабақшасы кімге тиесілі?
«Нұр-Әлемі» балабақшасы жеке мекемесі 2015 жылы Қызылордада тіркелген. Құрылтайшысы да директоры да Құралай Жұмағұлова. Компания мектепке дейінгі тәрбиемен айналысады. Statsnet мәліметінше, былтырғы қаржы айналымы 260 млн теңгеге жуық, төлеген салығы 5 млн теңгеден асады. Жалпы мемлекет қазынасына аударған қаржысы 21 059 723 теңге. Мекеменің қаржысы қысқарып бара жатыр. Мысалы, 2022 жылы мекеменің қаржысы 330 млн теңгеге жуық, қызметкерлер саны 30-ға жуық болған. Бірақ былтыр қызметкерлерінің саны күрт азайып, екі есе қысқарған. «Нұр-әлем3» мемлекеттен келісімшарттар алып орындап тұрады. 2020 жылдан бері Қызылорда білім бөлімінен алған тендерлерінің саны – 9. Мысалы, былтыр, 45 млн 776 мың теңгеге бір келісімшарт алып орындаған.
Құралай Жұмағұлованың атына «Нұр-Әлемі» балабақшасы» жеке мекемесінің Қызылорда филиалы дейтін тағы бір компания тіркелген. Компания 2016 жылы ашылған. Бірақ аталған мекеме 2022 жылдан бері жұмыс істемей тұрған болуы керек, одан ары қарай қаржылық есептері кездеспейді. Аталған мекеменің қаржылық жағдайы тұрақты, жыл сайын 150 млн теңгеге жуық болған. Мысалы, 2021 жылғы қаржысы 150 млн теңгеден асады. Мекеменің қаржысы 2022 жылы күрт құлап, 15 млн теңгеге түскен. Statsnet мәліметінше, мекеме 2020-21 жылдары мемлекеттен 82 млн теңгеден аса қаржыға 6 тендер алған.
Айнұр Төлешова