Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 30 Мамыр 2024

Балқашқа баратын жолды қашан аяқтайды?

жол
Фото: kolesa.kz

Жетісу облысындағы жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан Балқаш көліне апаратын автокөлік жолы биылғы жылдың соңына қарай төменгі асфальт жабынымен іске қосылады. Құрылыс жұмыстары толығымен келесі жылы аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі аталған жол құрылысымен танысу барысында айтылды.

Жол құрылысына жауапты «Жол» ЖШС мердігер компаниясы өкілдерінің айтуынша, бүгінге дейін «Алматы-Өскемен» автожолының «Лепсі-Ақтоғай» бағытындағы, жолдың 0-110 шақырымының, яғни Балқашқа апаратын жолдың 35 км толық жасалып бітіп, пайдалануға берілген. Сонымен қатар 35-63 шақырымына асфальт бетон жабынының екінші қабаты төселіп бітті, ал биылғы жылдың соңына қарай қалған жолдың бөлігіне асфальт бетон жабынының екінші қабаты толық төселіп, көлік қозғалысына жол ашылады деп жоспарланып отыр. Келесі жылы жолдың соңғы беткі қабаты мен абаттандыру жұмыстары толық аяқталады. Жол бойында аялдамалар мен дәретханалар қарастырылған. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы бұл жобаның құны – 30,4 млрд теңге.

Еске салсақ, бұдан бөлек, Лепсіден Балқаш жағалауына апаратын 27 шақырым жолдың құрылысына 4,6 млрд теңге бөлініп, бұл жұмыстарды «Казстройцентр» ЖШС атқарған болатын. Қазір ол учаске толық іске қосылған.

Осы сапарда Балқаш көлінің 16 шақырымдық курорттық-рекреациялық аймағын дамытудың егжей-тегжейлі жоспары таныстырылды. Жоспарды әзірлеген жобалау мекемесінің мамандары жағалауда болашақта орналастырылатын шағын демалыс орындары үшін жер 1-3 гектардан, ал ірі инвесторлар үшін 5 гектарға дейін деп белгіленіп отырғанын айтты. Мұнда демалыс аймағына қызмет көрсету орталығы, емдік аймақ, коммуналдық пляж, оқушыларға арналған демалыс лагері және демалыс аймақтары мен базалары орналастырылады. Мамандардың зерттеуінше, қазіргі кезде Балқаш жағалауына бір маусымда шамамен 52 мың адам демалып қайтады. Ал аймақ жоспарға сай дамытылып, инженерлік желілер толықтай жүргізілсе, маусымына демалушылар саны 452 мың адамға жетеді, ал жақын елді мекен тұрғындары үшін екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Мұнан соң жағалаудың инженерлік желілерінің құрылысымен айналысып жатқан «Сапа құрылыс 2007» ЖШС-ның директоры Азамат Демегенов ИКЖ жобаларының іске асырылуы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, жағалауға су жүйесі Лепсі өзенінен тартылады, су тазарту құрылғысының қуаты тәулігіне 500 текше метр, ал кәріз жүйесінің қуаты тәулігіне 470 текше метр болады. Электр желісі Лепсідегі қосалқы станциядан тартылады. Бүгінде құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Сапар соңында журналистерге берген сұхбатында облыс әкімі Балқаш көлі жағалауын дамытудың жоспарлары жайлы қысқаша айтып берді. Өңір басшысы туристік саланы дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жобалар – жол салу, су, кәріз және электр жарығын жүргізудің маңызды екеніне тоқталды.

«Молалының бұрылысынан Балқашқа дейінгі жолдың құрылысы басталғалы біраз жыл болды. Жобаның іске асырылуы қаржыландыруға қатысты қиындықтардан біршама тежеліп тұрған. Өткен жылы біз қаржыландыру мәселесін шешіп, биыл төменгі асфальт қабатымен пайдалануға береміз, келесі жылы жолдың беткі қабатын толық жауып бітіреді. Лепсіден Балқашқа дейін инженерлік желілердің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді. Қазір жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Мұнан әрі 9 шақырымдық оң жағалауға су, кәріз, электр жүйелерін тартуды бастаймыз. Инженерлік желілерді салуға 17 ай уақыт беріліп отыр. Яғни келесі жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары бітуі тиіс. Желілердің қызмет көрсету қуатын алдағы 8-10 жылға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған соң үкіметтің қаулысымен бекітілген Балқаштың 16 шақырымдық курорттық-рекреациялық аймағын игеруді бастаймыз. Инвесторларды тартудың негізінде Балқаштың жағалауында заманауи демалыс орындары, кемпингтер, туристік базалар салынады. Алакөлмен салыстырғанда Балқаштың табаны құм, әлдеқайда саяз, ауа райының қолайлы болуына қарай мұнда маусым айынан бастап 3 ай шомылуға болады. Балқаш жағалауын дамыту жақын жатқан елді мекендер тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, халықтың демалысына, кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне пайдалы болады. Сондықтан бұл жобаның мультипликативті тиімділігі жоғары деп есептейміз», – деді облыс әкімі.

Қ.САЙЛАУ

Жетісу облысы

Тегтер: