Әлеумет

Бас прокуратура Құрылтай сайлауында 15 заңбұзушылық анықталғанын хабарлады

Бас прокуратура Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген қадағалау қорытындысын жариялады. Ведомствоның мәліметінше, сайлау науқаны тыныш жағдайда және заң аясында өткен.

Сайлау

Прокуратура сайлау комиссиялары тарапынан заңбұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ бюллетеньдерді заңсыз беру, басқа адамның орнына дауыс беру, бюллетеньдерді жаппай жәшікке салу, бақылаушылар мен БАҚ өкілдерімен жанжалдасу немесе оларды сайлау учаскелерінен шығару фактілері тіркелмеген.

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде прокурорлар барлығы 15 заңбұзушылық анықтаған. Оның үшеуі заңсыз сауалнама жүргізуге, тағы 12-сі үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған уақытта үгіт жүргізуге қатысты.

Салыстыру үшін, 2023 жылғы сайлауда сегіз түрлі әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сайлау заңнамасын бұзудың 69 фактісі тіркелген.

Биылғы сайлау кезеңінде прокуратураға 12 өтініш түскен. Олардың барлығы партиялық тізімдерді тіркеу және үгіт-насихат мәселелеріне қатысты болған. Әрбір өтініш бойынша тиісті түсіндірме берілген.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылғы наурызда өткен Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде прокуратура органдары 113 өтініш пен шағымды қараған. Бұл биылғы көрсеткіштен тоғыз есе көп.

Сондай-ақ 2023 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидаттар соттарға 82 талап-арыз берген. Ал биыл партиялық тізімдерге енген кандидаттар сайлауға байланысты сотқа жүгінбеген.

Бас прокуратура бұл көрсеткіштер профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының тиімділігін, сондай-ақ сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық мәдениетінің артқанын көрсетеді деп есептейді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз