Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 19 Тамыз 2025

Бәсекеге қабілеттілік. Ішкі және сыртқы нарық

индустрия
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан соңғы жылдары экономиканы әртараптандыруға баса назар аударып жүргені белгілі. Трансформация басталып кеткелі де біраз болды.

Әсіресе технологиялық және ғылыми жаңалықтарға сай, заман сұраныстарын қанағаттандыра алатын салаларға ерекше көңіл бөлініп жүр. Өнім өндіруде ішкі нарықты қамтамасыз ету ғана емес, экспорттық әлеуетті де ескеру, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті тауар шығару, өңдеу өнеркәсібін дамыту мен жасыл технологияларды енгізу де маңызды бағытқа айналды.

Президент те, үкімет те, «жаңа индустриализация толқынына» барынша мән беріп, соның ішінде тек зауыттар мен фабрикалардың салынуына немесе жұмыс істеп тұруына ғана емес, қауіпсіз, автоматтандырылған, тиімділігі жоғары болуына да мән беруде. Осы жаңа өнеркәсіптік саясат аясында қазақстандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірісте экологиялық стандарттарды сақтау, өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру, инвестициялық климатты жақсарту секілді бағыттар басты назарда.

Мысалы, өңдеу өнеркәсібінде металлургия, машина жасау, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі стратегиялық бағыттар ретінде жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қаржылық қолдау, жеңілдетілген несиелеу, инфрақұрылым тарту секілді шаралар қабылданып, нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалуда. 2024 жылы жаңа 180 өнеркәсіптік нысан іске қосылып, 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 14 400 жаңа жұмыс орны құрылды. Соның ішінде құрылыс материалдары бойынша 34 жоба, азық‑түлік өңдеу бойынша 33 жоба, машина жасау бойынша 32 жоба бар. Осы жылы да айтарлықтай өсім байқалып отыр. 2025 жылдың басында өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 108,9 пайызға жетіп, оның ішінде тамақ өнімдері –13,1 пайызға, химиялық өндіріс – 9 пайызға, машина жасау – 18,2 пайызға, металл бұйымдары – 20,1 пайызға, тұз және бейметалл минералдар – 21,6 пайызға артты. Өңірлік инфрақұрылымды дамыту қолға алынып, 2025–2040 жылдарға мұнай өнімдерін өңдеуді кеңейту стратегиясы қабылданды, Павлодар, Шымкент және Атырау зауыттарының жаңғыртылуы бірлескен экспорт әлеуетін арттыру көзделген. Ауылдық және агроөнеркәсіп кешені субсидиялар есебінен дамып жатыр. Мәселен, астық өнімдері, еңбек өнімділігі және азық‑түлік өндірісі көрсеткіштері айтарлықтай өсім көрсетті. Бұл үрдістер Қазақстанды шикізат экспортына тәуелді емес, басқарылатын, өңдеу қабілеті жоғары, технологиялық бағытталған тұрақты экономика құрылымына ауыстыруға негізделген нақты қадамдар болып отыр. Алдағы уақытта осындай өсім мен өнім арта береді деп үміттенейік.

Балауса ДІЛДӘБЕК