«Батыл тойтарыс – 2026»: жауынгерлік көліктер сапқа тұрды
Отан қорғау – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери міндет дегеніміз әсте қателік болар.
Анығында, Отан қорғау – ел алдындағы жауапкершілікті, тәртіпті, табандылықты және ортақ іске адалдықты талап ететін азаматтық ұстаным. Сондықтан әскери-патриоттық тәрбие жас ұрпаққа Отанды сүюді айтып қана қоюмен шектелмей, осы құндылықтарды нақты әрекет арқылы қалыптастыруды көздейді. Әскери ортада бұл ұстаным күнделікті тәртіптен, өз міндетін мінсіз орындаудан, қиындыққа төтеп беруден, қаруласына қолдау көрсетуден және ел қауіпсіздігіне ортақ жауапкершілікті сезінуден көрініс таппақ. Жауынгерлік әзірлік те дәл осындай қасиеттердің негізінде қалыптасады.
Себебі әскердің күші тек қару-жарақ пен әскери техниканың әлеуетімен өлшенбесі анық. Оның негізгі тірегі – кәсіби даярлығы жоғары, тәртіпті әрі кез келген жағдайда өз міндетін орындауға дайын әскери қызметкерлер. Мұндай дайындықтың деңгейін жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды құбылыстың бірі – республикалық оқу-жаттығулар. Қазір Қазақстан Қарулы күштерінде өтіп жатқан стратегиялық командалық-штабтық «Батыл тойтарыс – 2026» оқу-жаттығуы да осы мақсатты көздейді. Оған дайындық барысында Шымкент гарнизонының 35748 әскери бөлімі Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонына қару-жарақ, әскери техника және жеке құрамды жеткізу жұмыстарын бастады.
Әскери бөлімнің оқу-жаттығуға дайындығы ең алдымен техниканы белгіленген ауданға қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде жеткізуден басталады. Осыған байланысты алғашқы кезеңде қару-жарақ пен әскери техниканы теміржол платформаларына орналастыру жұмыстары жүргізілді. Арнайы жабдықталған теміржол учаскесінде ұйымдастырылған жұмыс барысында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған. Әскери жүргізушілер тиеу рампасы арқылы жауынгерлік машиналарды теміржол платформаларына шығарып, әрбір техниканы белгіленген тәртіппен мықтап бекітті. 35748 әскери бөлімінің командирі, подполковник Сергей Бибулатовтың айтуынша, марш жасау – кез келген оқу-жаттығудың бастапқы әрі жауапты кезеңдерінің бірі.
«Процестің сапалы ұйымдастырылуы бөлімшенің полигондағы міндеттерді уақытылы орындауына тікелей әсер етеді. Әскери техниканы теміржол платформаларына орналастыру кезінде оның дұрыс бекітілуіне, жол бойындағы қауіпсіздігіне және кейінгі міндеттерді орындауға әзір болуына ерекше назар аударылады. Бұл ретте әскери қызметшілердің кәсіби білімі мен тәжірибесімен қатар, белгіленген қауіпсіздік тәртібін мүлтіксіз орындауы шешуші рөл атқарады. Оқу-жаттығуға дайындықтың тағы бір маңызды қыры – тәжірибелі әскери қызметшілердің жинақтаған дағдыларын жас мамандарға үйретуі. Техниканы тиеу, орналастыру және бекіту жұмыстарына қатысу арқылы жас әскери қызметшілер теориялық білімін іс жүзінде жетілдіріп, әскери техниканы тасымалдаудың нақты тәртібін меңгереді. Әскери бөлім жағдайында мұндай тәжірибелік даярлықтың маңызы зор, өйткені жауынгерлік міндетті орындау тек қару-жарақ пен техниканың болуына ғана емес, оны тиімді әрі қауіпсіз қолдана алатын мамандардың кәсіби даярлығына да байланысты. Бірлескен жұмыс барысында әр әскери қызметші өзіне жүктелген міндеттің жалпы үдерістегі орнын түсініп, бөлімше ішіндегі үйлесімді іс-қимылдың маңызын сезінеді», – дейді командир.
Белгіленген уақыт ішінде теміржол платформаларына ондаған бірлік әскери техника тиеліп, қауіпсіз түрде бекітілді. Олардың қатарында танкілер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, көп мақсатты тартқыштар және КамАЗ автокөліктері бар. Әскери техниканың әр түрінің салмағы, көлемі мен конструкциялық ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, оларды платформаға орналастыру кезінде белгіленген техникалық талаптар ескеріледі. Әрбір машинаның қозғалыс кезінде орнықтылығы қамтамасыз етіліп, бекіту сапасы қайта тексеріледі. Техниканы тиеу аяқталғаннан кейінгі негізгі міндеттердің бірі – оның жол бойындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Эшелон қозғалысқа шыққан соң әскери техниканы күзету, жеке құрамның белгіленген тәртіппен әрекет етуі және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел шешім қабылдауы қажет. Осыған орай эшелонды жөнелтер алдында әскери полиция өкілдері жеке құраммен қосымша нұсқамалар өткізіп, теміржол құрамының қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау және штаттан тыс жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл тәртібін түсіндірді. Бөлімшелерді оқу-жаттығу өтетін ауданға жеткізу аралас тәсілмен жүзеге асырылмақ. Бір бөлігі теміржол эшелондары арқылы тасымалданса, әскери техниканың және жеке құрамның басқа бөлігі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары арқылы колонна құрамында қозғалады.
«Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының ауқымы мұнымен шектелмейді. Кешенді оқу-жаттығу еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі оқу полигондарында өткізіліп, ҚР Қарулы Күштері алдына қойылған міндеттерді қазіргі жағдайға сай орындауға қаншалықты дайын екенін бағалауға бағытталған.
Оқу-жаттығу кешені барысында әскерлерді қолдану, әртүрлі әскер түрлері мен бөлімшелердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру, күштерді бірыңғай жедел кеңістікте басқару мәселелері пысықталады. Бұл ретте оқу-жаттығу қазіргі заманғы қауіпсіздік ортасының ерекшеліктерін ескере отырып, құрлықтағы ғана емес, әуе кеңістігіндегі, теңіздегі және киберкеңістіктегі іс-қимылдарды да қамтиды. Стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулардың негізгі мәні – әскери бөлімдердің теориялық тұрғыдағы дайындығын нақты іс-қимыл арқылы тексеру. Мұндай шаралар барысында әскери басқару органдарының шешім қабылдау жылдамдығы, бөлімшелердің белгіленген міндеттерді орындау қабілеті, әскер түрлері арасындағы үйлесімділік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігі сыналады. Ал қару-жарақ пен әскери техниканы дер кезінде белгіленген ауданға жеткізу – осы күрделі үдерістің алғашқы бөлігі ғана», –дейді Сергей Бибулатов.
Алдағы кезеңде әскери техника мен жеке құрамды белгіленген маршрут бойынша жеткізу, жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Матыбұлақ» полигонына келгеннен кейін техниканы ұйымдасқан түрде түсіру жұмыстары жалғаса бермек.
С.Бақберген