Live

Биыл бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде оқиды

Қазақстанда биыл бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 71,1 пайызы қазақ тілінде білім алады.

Мақсатты мектеп

Бұл туралы 18 тамызда жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралған Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. 

Министрліктің мәліметінше, 2026–2027 оқу жылында елімізде 380 мыңнан астам баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде мектепке қабылданған балалардың 71,1 пайызы қазақ тілінде оқытатын сыныптарды таңдаған. Орыс тілінде білім алатындардың үлесі – 26,6 пайыз, ал қалған 2,3 пайызы өзге тілдерде оқиды. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. 

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына да бірқатар өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, 5-7-сынып оқушыларына «Конституция негіздері» пәні енгізілмек. 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Ал 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» курсы міндетті болады. 

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» де енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Министрдің айтуынша, оның мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес жаңартылған. 

Сонымен бірге бастауыш сыныптарда оқушылардың білімін бағалау тәртібі өзгереді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады. Оның орнына күнделікті формативті бағалаудың рөлі күшейтіледі.

Диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыстар сияқты бағалау түрлерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау ретінде өткізе алады.

Бұдан бөлек, биыл бірінші сыныпқа қабылдау алғаш рет QazTech платформасындағы бірыңғай OQU жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Министрлік дерегінше, өтініштердің 88,7 пайыздан астамы электронды түрде берілген. Сондай-ақ мектептерге ерекше білім беру қажеттілігі бар 4202 бала қабылданған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз