Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:44, 18 Сәуір 2024

Бишімбаев сотынан «Салтанат заңына» дейін – сарапшылар пікірі

Бишімбаев пен Салтанат
Фото:

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына президент қол қойды.

 Бұл еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған ең үлкен құжат, қоғам түгел назар аударған шулы оқиғалардың бір түйіні екенін атап өткен жөн. 2017 жылдан бері қоғам талқысына түсіп, бір рет декриминализацияланған заң жобасына қатысты қоғамдағы пікір екіге бөлінді.

Құқық қорғаушы Аржан Сәдуақасов өндірісте заң басқаша жұмыс істейді және бұл заң қылмыс санын азайтпайды деп отыр.

Аржан Сәдуақасов
Фото: Ашық дереккөз

«Бұл заң 2017 жылы декриминализацияланып, әкімшілік құқықтық санатынан қылмыстық санатқа ауысты. Себебі елде аталған қылмыс бойынша сотталушылардың саны көбейді. Бұған дейінгі заңнамада да адам денсаулығына қасақана зиян келтіру, кәмелет жасына толмағандарға қатысты арнайы баптар болған. Өкінішке қарай, өндірісте заңды қолдану төмен деңгейде. Заң құжат жүзінде қабылданғанымен, іс жүзінде қылмыс саны азаяды деп ойламаймын. Бұл Бишімбаевтың соты тұсында жан-жақты зерттеу, талқылау жүргізілмей, көптің сұрауын қанағаттандыру мақсатында қабылданған популистік заңнама деп білемін», – дейді құқық қорғаушы.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев, керісінше, жаңа заң жобасы елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісінің азаюына оң әсер етеді деп есептейді. Ал экс-министр Бишімбаевтың соты қысқа мерзімде халықтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамда әйел теңдігі мәселесінің маңыздылығын ашып көрсетті дейді.

«Бишімбаев сотының қоғам алдында дәл бүгінгідей еркін, ашық түрде көрсетілуі – құқықтық сауаттың тездетілген курсы деп айтуға болатын шығар. Сот отырысының соңғы видеосын 3 миллионнан астам адам көрген. Бұл дегеніміз – әрбір үшінші қазақстандық көрді деген сөз. Қайғылы оқиғаның қалай болғаны, ол оқиғаға қатысы бар адамдардың кейсі терең талқыланып жатыр, мұның бәрі құқықтық санаға ғана емес, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, отбасындағы теңдік мәселесін, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алудың қоғамдағы маңызын көрсетті. Бұл жағдайдан біраз адам үлкен сабақ алды және мұның салдары қоғамдағы әлеуметтік, гендерлік нормалардың стереотиптерінің өзгеруіне алып келіп қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің азаюына әсер етеді деп ойлаймын», – дейді сарапшы.

2023 жылы 69 әйел өз күйеуінің қолынан көз жұмған

Мемлекеттік саясат эксперті Қасиет Темірзахқызы заңның нақты қоғамға пайдасын алдағы уақытта қолданыстағы нәтижесі арқылы ғана есептеу мүмкін дейді.

Қасиет Темірзахқызы
Фото: Ашық дереккөз

«Заңды қабылдау жеткіліксіз, бұл заңның тәжірибеде қолданысқа енуі басқа сұрақ және оның нәтижесін алда көреміз. Заңмен қатар заң үстемдігін қамтамасыз ету керек, қоғамның барлық топтарына зорлық-зомбылыққа деген «нөлдік төзімділікті» насихаттау қажет. Зорлық-зомбылық орын алғанда ең бірінші полиция қызметкерлері тарапынан эффектілі жұмыс жүргізілуі тиіс. Екіншіден, жәбірленушілерге тиісті көмек көрсету үшін дағдарыс орталықтары қолжетімді болу керек (қазір орталықтарда орын жетпейді). Сондықтан бұл заң әйел мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бастамасы ғана деп үміттенемін», – деп ой бөлісті.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық 2017 жылы декриминализацияланған соң, көп құқық қорғаушылар өзгерістің кесірінен жәбірленушілер қорғансыз қалып, ал агрессорларға тиісті жаза қолдануға мүмкіндік бермейтінін айтып жүрді. Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы 69 әйел өз күйеуінің қолынан көз жұмған. Салтанаттың өлімі елдегі әйел мен бала құқының қорғалу мәселесінің ашық көрінісі болып қана қоймай, елдегі бірқатар өзекті мәселенің бетін ашты дейді сарапшы.

«Қоғам өзгере алады, өзі ойлана алады және өзі шеше алады. Феминистер қоғамымыздағы кең таралған зорлық-зомбылықтың мәселесін жылдар бойы көтеріп жүрсе де, дәл бұл жағдай көпшіліктің болып жатқан сұмдыққа көзін ашты. Ал ашық соттың онлайн трансляциясы миллиондаған көрерменге сот жүйесі мәселелерін көрсетіп қана қоймай, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен бірге жемқорлық пен непотизм, шенеуніктердің жазасыздығы, құқықтық саладағы қазақ тілінің қолданысы сияқты мәселерді әшкерелеп, олардың талқылануына түрткі болды. Салтанаттың трагедиясы қоғамның саяси белсенділігінің жандануына катализатор болып, жеке адамдар мен ұйымдарды зорлық-зомбылық пен жүйелік әділетсіздік мәселелеріне жұмылдыруға итермеледі деуге болады», – деді мемлекеттік саясат эксперті.

«Баланы ата-анасынан тартып алатын» батыс тәжірибесі туралы

Балалар қауіпсіздігі және отбасын дамыту саласындағы сарапшы Динара Құсайын «жаңа заң жобасы батыстың менталитетіне құрылған, мемлекет баламызды тартып алады» деген ата-аналарға заң жобасымен толық танысып шығуға кеңес берді.

Динара Құсайын
Фото: Ашық дереккөз

«АҚШ-тың тәжірибесін қарасақ, егер ата-ана баланың құқығын бұзса, зорлық-зомбылық көрсетіп, баласына дұрыс қарай алмай, қауіпсіз жағдайға ұшыратса әлеуметтік қызметшілер баланы алып кетіп, уақытша күтім жасайтын отбасыларға (Foster family) береді. Олар барлық жағынан тексеруден өткен, репутациясы жақсы жұптар және ол үшін үкімет арнайы жалақы төлейді. Бала мұндай отбасында құқының қаншалықты бұзылғанын тергеушілер анықтап, сот үкімі шыққанға дейін жүреді. Неге балалар үйі мен арнайы жатақханалар емес, отбасыларға береді десек, балаға ең жақсы орта – отбасы. Сот үкім шығармас бұрын, баланың қандай туыстары бар, ата-әжесі, аға-әпкелерін тауып, қамқор жасау мәселесі қарастырылады. Егер туыстары баланы қараймын десе, уақытша отбасынан өз туыстарына береді. Бірақ бәрі заң бойынша, фактілермен болуы керек. Біздегі заңнама тәжірибесінде мұндай қарастырылмаған. Статистикаға қарасақ, ата-ананы құқығынан айыру Қазақстанда сирек кездесетін жағдай. Сот мұндай үкім шығармас бұрын істі жан-жақты қарап, тергеу амалдарын жүргізеді. Көбіне ата-аналары есірткі тұтынса, маскүнем болса ғана заңды құқын алып қояды. Егер, сіз жақсы ата-ана болсаңыз, жаңа заңнамадан қорқудың қажеті жоқ. Сіздің құқыңызды ешкім бұзбайды. Әлемдік статистикаға қарасақ, балаларға жасалған қылмыстардың 80%-ы баланың жақындары тарапынан жасалады. Олар отбасы мүшелері, қамқоршылары, туыстары мен көршілері, мұғалімдері мен ата-аналарының ортақ достары. Әйел адам ересек болған соң өз үнін естіртіп, мәселесін айта алады. Ал кішкентай балалардың үні естілмейді, олар көп жағдайда қорғансыз қалады. Жаңа заң баланың қауіпсіздігі жөнінде ата-аналардың жауапкершілігін қатайтады. Батыстың менталитеті деп пікір айтып жатқан ата-аналар бар, баланы ұрып тәрбиелеу, балаға буллиң жасау қашаннан бері қазақтың менталитеті саналып еді?! Бұл біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге қарсы келетін көзқарас. Біз балаларға зорлық жасайтын халық емеспіз. Аталған заң батыста емес, шығыста емес, ХХІ ғасырда прогрессивті көзқараста баланың құқығын қорғайтын заң деп сенемін», – деп пікір білдірді Динара.

«Салтанат заңы» қоғамның сұранысы

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, «Салтанат заңы» батыстың ықпалынан емес, қоғам сұранысы мен елдегі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактісінің көбеюінен туындап отыр.

Серік Бейсембаев
Фото: Ашық дереккөз

«Құндылықтар қақтығысының орын алуы заңды. Консервативті құндылықтарды ұстанатын адамдар біздің қоғамда бар, олар үшін дәстүр бәрінен де маңызды. «Әйел әйел болуы тиіс, еркек еркек болғаны жөн» деген тырнақша ішіндегі дәстүрлі көзқарасты қолдайды. Қоғам – үнемі құндылықтардың қақтығысы орын алатын жер. Қазақстан әлеммен бірге өзгеріп, жаңа ұрпақ келіп жатыр. Ақпараттық технологиялардың арқасында құндылықтар да өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, ер мен әйелдің ортасында тең қарым-қатынас болуы тиіс. Ең алдымен адам құқығы, әйел құқығы қорғалуы керек. Әйелге қол көтеруге болмайды деген түсініктегі азаматтар саны да көп. Бұл ешқандай батыстың ықпалы емес, қоғамның сұранысы деп айтар ем. Себебі сырттан ықпал ету арқылы 3 миллион адамды экран алдына отырғызып қою мүмкін емес, адамдардың өзінің жеке қызығушылығы, шын мәнінде осы мәселенің қоғамдағы өткірлігін білдіреді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, әйелдерді ұрып-соғу жағдайын өте көп кездестіреміз. Осы тарапта азаматтық ұйым өкілдері мен белсенділердің де үлесін атап өту қажет, олар осы заңның қабылдануына барынша әсер етті. Бұдан біздің елде – адам құқығы, әйел құқығы деген сияқты құндылықтардың басымдығы артып жатыр деген қорытынды шығаруға болады».

Айта кетейік, БҰҰ-ның есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Ал елде әйелге қарсы зорлық-зомбылықтан соң қозғалған істердің 40 пайызы ғана сотқа жетеді. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан аса шағым түскен.

Айжан Қалиева

Тегтер: