Bloomberg: Еуропа өз ядролық тежеу жүйесін құру мәселесін талқылап жатыр
Еуропа елдері АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктерінің сенімділігіне қатысты күмән күшейген жағдайда өздерінің ядролық қорғаныс архитектурасын қалыптастыру мүмкіндігін жабық форматта талқылай бастады.
Бұл туралы Bloomberg келіссөздер барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, талқылаулар әскери деңгейде жүргізіліп жатыр және құпия сипатқа ие. Тіпті кейбір елдердің министрлері бұл консультациялар туралы білмеуі де мүмкін.
Қазіргі уақытта Еуропада ядролық қаруға тек Франция мен Ұлыбритания ие. Bloomberg дереккөздері Франция президенті Эммануэль Макрон француздың ядролық «қалқанын» өзге еуропалық мемлекеттерге кеңейту туралы ұсыныс жасауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай мәлімдеме ақпанда өтетін Мюнхен қауіпсіздік конференциясында немесе Франция ішіндегі кеңесулерден кейін айтылуы ықтимал.
Алайда агенттік толыққанды америкалық кепілдіктерді француздық жүйемен алмастыру еуропалық елдер үшін өте қымбатқа түсуі мүмкін екенін атап өтеді. 2025 жылы Еуроодақ пен Ұлыбритания қорғаныс саласына 530 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған. Бұл қаражаттың басым бөлігі дәстүрлі қару-жарақты дамытуға бағытталған.
Сарапшылардың бағалауынша, Франция мен Ұлыбританияның шамамен 400 орналастырылған ядролық оқтұмсығы бар. Салыстыру үшін, АҚШ-та олардың саны шамамен 1670-ке жетеді. Мәскеу мен Вашингтон арасындағы СНВ-III шартының мерзімі аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш өсуі мүмкін.
Ұлыбританияның ядролық тежеу күші тек теңіз компонентіне негізделсе, Францияда теңіз және әуе компоненттері бар. Ал АҚШ толыққанды ядролық триадаға ие (құрлық, теңіз және әуе).
Кейбір еуропалық мемлекеттер теориялық тұрғыда өз ядролық бағдарламасын жасай алар еді. Алайда бұл үшін атом инфрақұрылымына, уран байыту технологиясына ауқымды инвестиция қажет. Сонымен қатар, Bloomberg дереккөздерінің бірі мұндай қадам Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша міндеттемелерді бұзуға саяси дайындықты талап ететінін атап өтті.
Басылым Вашингтонның Еуропаның қорғаныс қабілетін күшейту туралы мәлімдемелері негізінен дәстүрлі қарулы күштерге қатысты екенін жазады. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық «ядролық қалқанның» күшін жою туралы ашық түрде күмән келтірмеген.
«Бюллетень ученых-атомщиков» дерегіне сәйкес, 2023 жылғы жағдай бойынша Еуропада бес елдегі алты әуе базасында шамамен 100 америкалық B61 ядролық бомбасы орналастырылған.
Қазіргі таңда Ресей мен АҚШ әлемдегі ең ірі ядролық державалар болып қала береді. Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) 2025 жылғы қаңтардағы мәліметі бойынша, Ресейде 4309, ал АҚШ-та 3700 ядролық оқтұмсық бар. Бұл екі ел әлемдік ядролық арсеналдың 90 пайыздан астамын иеленіп отыр.