Боқаевтың операторының жұбайы оны үйқамаққа ауыстыруды сұрады
Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторында отырған бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожаның жұбайы Толғанай күйеуінің бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды немесе ауруханаға жатқызуды сұрады.
Журналист Вадим Борейко жариялаған үндеуде Толғанай жұбайының тек жалдамалы бейнеоператор болғанын, жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша бейне түсіріп, монтаж жасаумен ғана айналысқанын айтты.
Оның сөзінше, Ұлан Нүсіпқожа орташа ауырлықтағы қылмыс бойынша күдікке ілініп, Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр. Жақында сот оның қамауда ұстау мерзімін 18 шілдеге дейін, яғни төрт айға ұзартқан.
Толғанайдың айтуынша, тергеу изоляторында отырған кезде дәрігерлер оның жұбайынан жедел вирустық инфекцияны, бауырдың ауыр интоксикациясын, қатты әлсіреу мен қаназдықты анықтаған. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша оған магниттік-резонанстық томография (МРТ) жасалып, 26 маусымда тексеруден өткен. Зерттеу нәтижесінде онкомаркерлерге талдау тапсыру ұсынылған.
«Тергеу мен сот бұл медициналық құжаттарды, онкологтың қорытындысын көріп отыр. Соған қарамастан, жұбайымды емделуі үшін үйқамаққа жіберуден бас тартып отыр. Ол кісі өлтірген адам да, қоғамға қауіпті қылмыскер де емес. Оның қашып кету ойы жоқ. Ем қабылдауға мүмкіндік бермей, жабық камерада ұстау – әділдік емес, нағыз азап», – деді ол.
Толғанай бұл мәселеге байланысты Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевқа ресми өтініш жолдағанын айтып, құқық қорғаушылар мен қоғам өкілдерін күйеуінің жағдайына назар аударуға шақырды. Оның негізгі талабы – Ұлан Нүсіпқожаны үйқамаққа шығару немесе қажетті медициналық көмек көрсетілетін ауруханаға ауыстыру.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов қоғамдық белсенді Санжар Бокаев ұлттық компанияда жұмыс істеген кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық және заңсыз ағаш кесуді ұйымдастыру күдігіне ілінгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және ашық сот отырысын өткізуге ешқандай кедергі жоқ.
Еске салсақ, Санжар Боқаев 18 наурыз күні Алматыда ұсталған болатын.