Оқиғалар

Боксшы Данияр Елеусіновтің әйеліне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты

Қарағанды қаласының соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайы Саида Елеусіноваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Данияр Елеусінов

Іс материалдарына сәйкес, биылғы 27 қаңтарда Саида Елеусінова атасына қатысты туындаған жанжалдың мән-жайын анықтау үшін жәбірленушілердің пәтеріне барған. Әңгіме барысында тұрмыстық жанжал шығып, оның соңы төбелеске ұласқан.

Тергеу нұсқасы бойынша, Елеусінова екі әйелге күш қолданып, олардың денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Сот-медициналық сараптама жәбірленушілердің денелерінен түрлі жарақаттарды анықтаған.

Сот отырысында Саида Елеусінова тағылған айыппен келіспей, әрекетін өзін қорғаумен байланыстырған. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамай, оның кінәсі куәлардың жауабы, сараптама қорытындылары және өзге де дәлелдермен толық расталғанын мәлімдеді.

Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша кінәлі деп танып, 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Бұдан бөлек, сот шешімімен Саида Елеусінова екі жәбірленушінің әрқайсысына 500 мың теңгеден моральдық өтемақы, сондай-ақ 1 миллион теңге адвокаттық шығынды өтеуге міндеттелді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз