Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне кімдер келді?

Шамалған аулында Болат Назарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Нұрсұлтан Назарбаевтың інісімен қоштасу әкесінің үйінде өтті.
Марқұмның жаназасына мыңға жуық адам келді. Үйінің алды сапырылысып жатты. Бірақ ол жерге БАҚ өкілдерін жақындатқан жоқ. Тек тізіммен ішке кіргізді.

Фотоаппарат тағы басқа керек жарақтарымызды тастап, көптің бірі ретінде барғанымызбен қақпадан ары қарай өте алмадық. Байтұрсынұлы көшесінде орналасқан үй өте еңселі. Айналасы биік дуалмен қоршалған. Әр қадам сайын камера қойылыпты. Биік қабырғалардан тек сорайып қарағайлар ғана шығып тұр. Көшенің екі жағында да биік дуал бар. Марқұммен қоштасуға жұрт жиналғанымен, ішке кіре алмады. Биік қақпаның алдында тұрған күзетшілер адамдарды тек тізіммен ғана өткізді.

Сағат 11:00-ге жақын қара джиптер кортежі келді де, ішке біреуін кіргізді. Айналадағы полиция, қара киінген күзетшілер, сақалды адамдар зыр жүгіріп, әбігерге түсті. Қасымдағы жұрт үкімет басшысы Әлихан Смайловтың келгенін айтып қалды. Бірақ терезелері қап-қара көлік ішінде кім отырғанын көру мүмкін емес еді. Жұрт жиналған сайын алға шығып уағыз айтқан имамның да даусы күшейе түсті. Адамдарды сабырға шақырып, өлген адамның артынан тек жақсы сөздер айтылу керек екенін жиі қайталады. «Кешірімді болайық, халқым кешірімді болайық» деген сөзі биік қабырғаларға соғылып, қайта жаңғырып жатты.

Адамдар арасына сыналап кіріп алға шықтық. Қатардың басында тек қара киінген жігіттер тұрғаны байқалды. Егер бір адам алға қарай жүрсе немесе есікке жақындаса үш-төртеуі жүгіріп келіп, оны ары қарай алып кетіп жатты. Ары-бері жүрген әркетімізден күдіктенген болу керек үш бірдей полиция қызметкері келіп бізді шетке алып кетті. Тексеріп күдікті ештеңе таба алмады. Журналист екенімізді білгесін, көше бойында журналистер тұрған жақты нұсқады. Жаназаға қатысайық деген сөзімізге де мән бермеді. Бұл айналада тілшілердің жүруіне рұхсат жоқ екен, сондай бұйрық беріліпті. Көше басына барғанша тағы да екі-үш тексеруден өттік. Өйткені айналада арнайы күзетшілерден бөлек полиция қызметкерлері өте көп еді. Назарбаевтың үйіне, сондай-ақ зиратқа апаратын жолдар жабылып, полиция қызметкерлері барлық жерде қарауылдап тұрды.

Ары-бері өткен көліктер арасынан Назарбаев үйіне қарай бұрылғандарды тоқтатып, өткізбей жатты. Нұрсұлтан Назарбаевтың қонақасыға келгенін сол жердегі ауыл тұрғындарынан білдік. Бұдан бөлек биік қабырға ішіндегі үйдегі жаназаға әпкесі Әнипа Назарбаева, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов, «Антикор» экс-төрағасы Алик Шпекбаев, Ермұхамет Ертісбаев, Нұртай Әбіқаев келген екен. Нөпір арасынан Мұхамеджан Тазабековты да байқап қалдық.

Кіріп-шығып жүргендер ішінде әншілерді де көрдік. Арасынан Біржан Хасанғалиевті көзіміз шалды. Алматы облысы наиб имамынан кейін микрофонды алған біресе дәстүрлі әнші, біресе әкім болған Ақан Әбдуәлі жиналған жұртты сапқы тұруға шақырып, жаназаның басталғанын хабарлады.

Біраз уақыттан соң мәйітті көлікке салып, адамдар ізінен ерді. Біз де көппен бірге жүрдік. Болат Назарбаевты Үшқоңыр тауының етегіндегі туыстары жатқан бейітке жерледі. Оны ақтық сапарға шығарып салуға тек туыстарына ғана рұхсат берді. Бұл жолы да зиратқа журналистерді өткізбеді.
@jasalash.kz Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің інісі Талғат Рысқұлбеков Болат Назарбаевтың жаназасына неге келгенін айтты. #болатназарбаев #назарбаев ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
Біз шетке шығып, адам аяғы сабырсығанын күтіп, өткен-кеткендер арасынан шенеуніктер кездесіп қала ма деп тұрдық. Айтпақшы, «Қызыма хиджаб кигізбесеңдер Шешенстанға көшіп кетем» деп елдің ашуына тиіп, күлкісін келтірген Талғат Рысқұлбеков «мұсылман еліне» көшпепті. Ол да осы жаназаға келген екен. Талғат журналистерден қашпады, Болат Назарбаев туралы пікір айтуға оңай келісті. Оның айтуынша Болат өмірде қолы ашық, жомарт адам болған екен.
«Тоқаев қазақтың байлығының басым бөлігі 160-тан аса адамның қолында деп айтты. Солардың көбісі қалай байығанын білесіңдер ғой. Миттал, Ким, Машкеевич толып жатқан дәулеттілердің қайсысы Болат Назарбаев сияқты жетім-жесірді елеп үй салып берді? Қайсысы мешіт салды? Халыққа пайдалы мектеп, аурухана салып бергені бар ма? Болат бір зағип жігітке көмектескен екен соған риза болдым. Сол үшін келіп тұрмын. Жеке таныстығым жоқ. Құзғын жемін басып жейді, сұңқар жемін шашып жейді. Қандай жолмен байлық жиғанына құдайдың алдында өзі жауап берер» - дейді Талғат Рысқұлбеков.
Болаттың түрлі компаниялар мен банктердің үлескері екені жиі айтылды. Тіпті ағасы құрған қорға 150 миллион теңге аударғаны бар. Рейдерлік жолмен талай бизнесті тартып алғаны туралы сөз халық арасында желдей есіп жүр. Рас, оны үш мешіт салып берді деп сүйіншілеп хабарлағандар да болды. Бірақ мектеп салып берді дегенді естімеппіз, мұндай ақпаратты таба алмадық.
@jasalash.kz Болат Назарбаевты Алматы облысы Шамалған ауылындағы Назарбаевтар әулетінің қорымына қойды. #назарбаев #болатназарбаев #жасалаш #fyp ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
Ауыл тұрғындары Болат туралы айтудан қашқақтап тұрды. Тілдескендердің өзі бір ауыз ғана «жақсы адам еді» дегеннен әрі аса алған жоқ. Өзін Қалдыбай деп таныстырған Шамалған аулының тумасы Болат Назарбаевтың ауылға пайдасы көп тиген еді деп дәріптеді.
«Халықтың адамы еді. Жиын тойда көңілді жүретін, ашық, жомарт еді. Қазіргі ауылдың жағдайы жақсы болғаны сол кісінің арқасы. Көрген жерде амандассаң да қалжыңдап, әңгімелесе кететін. Өз көргенімді айтып жатырмын ғой».
Бұдан кейін Болат туралы айтатын адам табылмады. Кең жолды жағалап көп жүрдік. Алдымызда кездескен дүкенге кірдік. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, қоңыр шашты әйел ашық екен. Сусын сатып алып тұрғанда сөзге тарта сөйледі. Алдымен бізді жүргізушілер деп ойлап қалыпты. Журналист екенімізді айттық. Болат туралы ойын сұрадық.
«Бұл кісінің жақсылығын көп көрдік. Өте жақсы кісі еді. Қайрымды еді. Бірақ жанына қазақтарды емес, өзге ұлт өкілдерін жинады. Солармен дос болды. Соларды көтерді. Өтірік емес бәрін көріп жүрміз. Қазақтардың арасында нан таба алмай отырғандары бар. Ал керісінше оның қасында жүргендер шіріп байып, сарай салып, қос-қостан көлік мініп жүр. Осының бәрі Бәкеңнің арқасы деп ойлаймын», - дейді дүкен иесі.

Адам аяғы саябырсығасын арнайы бейітке бардық. Тау етегіндегі қорым саябақ сияқты екен. Шамалғаннан бастап кең, тегіс тас жол төселіпті. Бұл жол бейітке кіргенше үзілген жоқ. Қорымның кіреберістегі жолдың екі жиегіне биік қарағайлар көкке қарай бой түзеп, қатар орналасыпты. Ауасы таза, жанға жайлылық сыйлайды. Болат Назарбаевты мазарлардың арғы шетіне, жоғары жақтағы 2020 жылы қайтыс болған әйелі Гүлжан Назарбаеваның қасына жерлепті. Үстіне топырақ үйілген, басына ағаш белгі қадалған жас қабір мүлгіген тыныштықта қарайып жатыр. Айналаға шуағын төккен күн, басын қар шалған тау сол қалпы тұр. Келдің, кеттің деп жатқан жоқ. Сол қалпы өзгермеген.
@jasalash.kz 14.11.2023 Болат Назарбаевты ақтық сапарға шығарып салуға 1000-ға жуық адам жиналды. #назарбаев #болатназарбаев #жасалаш #fyp ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz